I
Қала шуы қамықтырған қайсың бар?!
Мені, достар, үйде жоқ деп айтыңдар.
Әр кеудеде ашылмаған гүл аз ба?!
Ел аралар кетті деңдер біразға.
Ойландырмас үлкендердің есебі,
Абитуриент қалпым қайда кешегі?!
Қашқың келер қарансудан қашқандай,
Сұрғылт қала... суық еді тас қандай.
Алыстығын, жол жаманын сылтау ғып,
Көп жүріппін туған жерден сырт ауып.
Сыр жағасы біздің қоңыр ағайын,
Жұртқа барып жұпарынан жағайын.
Кесіртке бас келте жалдар артта қап,
Ауыл жақта жатайын бір апталап!
II
Оралу да бір бақыт қой көш аман,
Амансың ба, менің алтын босағам?!
Еске түсер шыбықты ат қып мінгенің,
Өсіп-өнген шаңырағым бұл менің.
Көршісімен шекрасы ауызша,
Біздің шалдар қауқылдасар қауышса.
Шақшасы тұр тозған әбден қолдана,
Шал тіріде «жан бар еді» онда да.
Шәмші қауын үзіп апам бақшадан,
Әңгімесін айтушы еді жақсы ағам.
(Өмір тәтті болғанымен набаттай,
Ай қадалар қабіріңе қалақтай.)
Жеңешемнің күрең шайын сораптап,
Қора жаққа қой айдаймын қомақтап.
Ақын бала оралды деп ел сүйген,
Бір қауым ел келер қазір көрші үйден.
Мұз қатқанша ағатұғын күш алып,
Мынау біздің көп шомылған кіші арық.
Мектебі бар ауыл болып шалғай тым,
Көпірі оның өркениетпен жалғайтын.
Ұрлап шығып өз үйінің тауығын,
Пәленшеден барын айтар қауібін,
Қайран, менің бала күнгі достарым,
Білдік пе біз алда ұзақ көш барын?!
Бір-бірінің ысқырығын танитын,
Жігіттерді жинаушы еді шағи түн.
Бағанада жанған сәтте ескі шам,
Жарығымен басталатын кешкі сән.
Құстар ән сап нотасына қарамай,
Жұлдыз сөнбей, атпаушы еді таң оңай.
Көрші қызға жүрегіңді ұрлатып,
Сұлу айға қарап тұру бір бақыт!
Әжімі жоқ ақ қамырдай алқымы,
Сол арудың ерекше еді тартымы.
Қазір бізден уақыт озып бәйге алды,
Ол - кептертөс келіншекке айналды.
Қайда сол бір біз сырласқан ақ қайың,
Жаңартты екен қай тапшанның тақтайын?!..
III
Дәрігерге барғанымен ем қонбай,
Тәуіп іздеп кететұғын жандардай,
Кешіріңдер, кейде осындай күйге енем,
Бұлай өмір сүруді де үйренем.
Дарияның бір сүңіп ап суына,
Қайта сіңем Алматының шуына!