Yazdır
Üst Kategori: Kardeş Edebiyatlar
Kategori: Kazak Şiiri
Gösterim: 7229


«Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың!»-

дейді Сабыр, саралы ой ғажап тым.
Үні шықпас дейді-ау бірақ Жалғыздың,
Уысыңда тұрғанымен азат күн!.

...Ойлар, ойлар,
Ой шіркінің көп менде,
Орамды оймен оралайық өткенге.
Қазақстан жалғызы ма қазақтың,
Жалғыз деуге кесімді уәж жоқ менде.

Қазақ деген менше қас сақ – тек-тұқым,
Қас сақ деген арғы қазақ, текті ұғым.
Қыпшақ – көп сақ, арғын деген –арғы ғұн,
Бәрі түркі, ақиқат ой бек мұным.

Өзің ойла, бәрі сақтың баласы,
Түркі біткен бөрі сақтың баласы.
Бәрінің де қас сақ болар бабасы,
Бәрінің де Ұлы Дала – анасы.

Ұлы Дала күндер кешіп арпалыс,
Ұлы Баба тындырды сан тарпаң іс!
Қазақ деген – бас имейтін бөрілер,
Қазақ деген – жалғыз жортқан жолбарыс!

Тереңіне бойлай білсек қас сақтың,
Мен де өзімше саф алтындай сөз таптым:
Қазақ-Баба – түркі әлемнің атасы,
Қазақстан – жалғызы емес қазақтың!
Бар әлемге жайылғаны соншалық,
Түлеп ұшқан түркілерім енші алып.
Беу, түркілер, Түркістанда басың қос,
Ата-бабаң құшақ жайып қарсы алып!

Замананың сабақ алып зәрінен,
Өткен жайлы сан ойланам әлі мен.
Бір ауызды болса Қас Сақ баласы,
Бүкіл әлем айыл жияр кәрінен!

Бұзылмаса бірлігінің жүйесі,
Қорғап жүрер әулиелер киесі.
Қазақстан – кенже ұлы қас сақтың,
Қазақстан –шаңырақтың Иесі!

Тәуелсіздік!
Тәубе, тәубе!
Күткенім,
Бірте-бірте еңсемді әбден тіктедім.
Қазақстан –ТҰҒЫРЫ бол түркінің,
Отаны бол түркі әлемнің құтты елім!

Түркі деген
Тұлпар мінген
Ержүрек,
Туысқан жұрт
Төс қағысқан елжіреп.
Түркі дүние, тынысыңды жаза бер,
Тоғыз тулы-
Көкбайрағың желбіреп!