Алғаным Әли ағаның қызы еді,

Хас арудың өзі еді.

Маңдайы күнге тимеген,

Желге шашын үрмеген.

Серпіліп адам бетін көрмеген.

Қалай күнді кешті екен?

Омыраудағы он түймесін ағытып,

Кейінгі қалған көпекке

Қалай да белін шешті екен?

Доспамбет жырау

I

Жан жарын айға, күнге балайтынын,

Әкетсе тартып, табар қалай тыным.

Қызғаныш сона болып қанын сорып,

Аямай ара болып талайтұғын.

Меркіттер Бөртені алып кеткен тұсқа,

Телміріп жас Теміршін қарайтұғын.

Күш жетпей дұшпанынан жеңілсе кім,

Тарқатар басып немен көңіл шерін?

Күйінетін жау құшып жатқанына,

Ару жар, күндей сұлу келіншегін.

Кейде күйреп көктен жай түскендейін,

Кейде өртенер у жұтып ішкендейін.

Аһ ұрып өз маңдайын өзі соғып,

Есі кейде кіретін түстен кейін.

Көздерге үймелетіп қара шыбын,

Жүрекке салған жаудың жарасы мың.

Әлемді жүз жыл шарлап таба алар ма,

Бөртедей ай дидарлы жар асылын?!

Жүргендей тал бойынан таратып ән,

Көркіне ақылы сай дара тұрған.

Пенде емес періштенің баласындай,

Жан еді Бөрте бөлек жаратылған.

Бір мін жоқ тал бойында, пішінінде

Алғандай есін үлкен, кішінің де.

Табиғат, әлемдегі бар сұлулық,

Бас қосқандай бір қыздың мүсінінде.

Оймақ ауыз, қиғаш қас, пісте мұрын,

Жанары-күн құяды ішке нұрын.

Бозбалалар жүретін маза бермей:

«Бөртежан, ғашықпын,-деп, — түске кірдің.»

Самалмен сыбырласып тұрар дәйім,

Сұңғақ бойлы ақ қайың, шынардайын.

Жұмыр мықын, үзілген құмырсқа бел,

Қаттырақ уыстасаң сынардайын.

Көзді арбап сиқырлайтын мықтымыз деп,

Қос анар тырсылдайды тып-тығыз боп.

Сұқтанып қу жігіттер көз қадаса,

Ұялып кететұғын қып-қызыл боп.

Сөзден де, жолынан да жығылмай көп,

Өскен еркін бұла боп, құлындай боп.

Тана көзі мөлдіреп жүрер еді,

Құдайдың кенже туған қызындай боп.

II

Бөртенің ақтығы көз қарықтырып,

Қоярдай қара түнді жарық қылып.

Қыз еді «өлсем арман жоқ» дейтіндей

«Бір сүйсем мейірімім қанып тұрып».

Меркіттің Бекзадасы ғашық болып,

Сөз салған байлығына тасып толып.

Жіберіп жігіт жолдас сәлем айтқан,

Қолына қондырғанша асық болып.

Таң күліп Теміршінге атқан еді,

Армандай қалыңдығын тапқан еді.

Қоңыратқа әкесі Есухей кеп,

Бөртеге құда түсіп жатқан еді.

Меркіт жігіт еліне қайтып келді,

Атына жайсыз хабар артып келді.

Есухей Тай шешенмен құда болып,

Алдын орап кеткенін айтып берді.

Мұны естіп Бекзаданың іші күйіп,

Түтігіп кетті мүлдем түсі күйіп.

Теміршінді жол тосып өлтірмек боп,

Аттанды бір топ содыр кісі жиып.

Құдалар қайтқан елге, ауылына,

Кезікті жолда тағдыр дауылына.

Дұшпанның Теміршінге атқан оғы,

Қадалды Есухейдің бауырына.

Өмірдің өткен не бір белесінен,

Жаңылмас қай тұста да ер есінен.

Жігітті жебе тартқан байқап қалып,

Ұланын жапқан әке денесімен.

Жебеге қорған болып қалқандары,

Сау қалды әдіс жасап жалтарғаны.

Бұлар да садақ тартып, найза шаншып,

Қарсы шауып қашырып қайтарған-ды.

Бекзада жараланып қашып кетті,

Бес қаруын әр жерге шашып кетті.

Шабдар атын қамшының астына алып,

Жеткізбей алты белден асып кетті.

Теміршін әкесінен хал сұрады,

Сөнуге айналғандай жан шырағы.

Баласы үшін кеудесін оққа төсеп,

Қайран әке әлсіреп қансырады.

-Ту алып, тұлпар мініп жел жетпеген,

Мұратқа сен жет,-деді,-мен жетпеген.

Менің соңғы сағатым таяды, ұлым,

Күні жеткен күнінде өлмек деген.

Ұланым, мұрагерім, Теміршінім,

Зерделе ел мен жердің не бір сырын.

Қас тағдыр от пен суға қатар салар,

Қайыспай көтере біл өмір сынын.

Атағы асып, тұрмысын жайлы қылған,

Айрылды маңғұл бүгін айбынынан.

Амбағай ханды Қытай өлтіргелі,

Арылмай-ақ келеміз қайғы-мұңнан.

Шайқаста емес, өлтірген алдауменен,

Түсіріп қолға, қулық арбауменен.

Тайпалар ит тартысын тыя алмадым,

Өмір өтті үзікті жалғауменен.

Қайық болмас тақтайды кіріктірмей,

Татулық болмас үйге күліп кірмей.

Біз мықты мемлекет бола алмаймыз,

Маңғұл мен түркі жұртын біріктірмей.

Түркімен түбіміз бір, тегіміз бір,

Жайлайтын ұлы дала – жеріміз бір.

Ойда орыс, қырда қытай батпас еді,

Одақ боп болса тату еліміз бір.

Күн-тәңірі, ғұннан біз қосыламыз,

Бөлінсек-бөрі жем боп тосыламыз.

Біріксек айбынымыз асар биік,

Ақылым, өсиетім-осы нағыз.

Артады елдік сонда қасиетің,

Дос сыйлап, дұшпан батпай бас иетін.

Маңғұлдың бар үміті ұлым сенде,

Әкеңнің орында осы өсиетін.

Керейлер- дос, қоңырат-құдам бүгін,

Ел бірлігі маңғұлға ұран бүгін.

Қызығыңды көре алмай кетіп барам,

Мен үшін туып соңғы тұманды күн.

Хош Ұлым, бетіңді тос, хош бол, ұлым,

Таусылып әлі кетті қос қолымның.

Өзіңе ел аманат, жер аманат,

Жауға қатал, жұртыңа дос бол, ұлым.

Солай деп ер Есухей жүріп кетті,

Мәңгілік мекеніне бұрып бетті.

Қоңырат, керейлермен құда, дос боп,

Түркімен алғашқы одақ құрып кетті.

III

Бірде өршіп тайпаларда тақ таласы,

Бой бермейді бай мен бек бақталасы.

Айтыс… тартыс… билердің басы қатар,

Белгісіз қайсысының ақ, қарасы.

Ру шауып келсе дер: «қала бұздық»,

Жайлаған қалың елді алауыздық.

Қытайдан Амбағайдың кегін алар,

Маңғұлға қайда бүгін балауыздық.

Меркіттің қарашы енді басынғанын,

Жапырып жайнап тұрған жасыл бағын.

Қайғының қамалына қамап кетті,

Тартып алып Бөртедей асыл жарын.

Ашынып қас дұшпанның қастығына,

Қызғаныштың тұншықты тасқынына.

Қалшылдап тұла бойын ыза қысып,

Жас төкті жас Теміршін жастығына.

Нәзік жан қара күшке шыдар нағып,

Жау қойнында жатқанын жұмарланып,

Елестеткен кезінде кететін-ді,

Көз алды мұнарланып, тұманданып.

Жар қайда Бөртесіндей күлімдеген,

Көп ойлап түндерде көз ілінбеген.

Тордағы арыстандай аласұрып,

Кек қанжардай жүрегін тілімдеген.

Мұндайда кімдер кімнің халін ұқпақ,

Зор қасірет жеңгені жау иықтап.

Ойлай, ойлай, жете алмай ой түбіне,

Кететін таң алдында талып ұйқтап.

Ел мен ер мұңын тыңдар құлақ керек,

Тірлікке шұрайлы жер, бұлақ керек.

Керейдің ханы-өкіл әкесі еді,

Бел буды барайын деп сұрап көмек.

Жол ұзақ тәуекел деп жүріп кетті,

Түркі елі батыс жаққа бұрып бетті.

Ат арытып, әр жұрттың дәмін татып,

Жарты айда аман-есен барып жетті.

Ізетпен сәлем беріп кіріп келді,

Қалпынан таныды ол да білікті ерді.

Қол қусырып қол алған Теміршіннің,

Ойында айтар сөзі іріктелді.

— Өкіл әкем ардақты Тұғырыл хан,

Бағымызға таймағын тұғырыңнан.

Мен де бір ұлың едім болсам дейтін,

Қылыштай қынабынан суырылған.

Айналдырып қас тағдыр тағы бізді,

Сындырып кетті меркіт сағымызды.

Әкетіп Бөрте сұлу келініңді,

Тайдырып тұр бастағы бағымызды.

Көмек бер қол бастатып балаңызға,

Дұшпан сына қақпасын арамызға.

Бөртені жау қолынан азат етпей,

Ем қонбас жүректегі жарамызға.

… Тұғырыл көп толғанып мақұл деді,

Қол жинар баһадүрді шақыр деді.

Аяман көмегімді серпіл балам,

Келінге қосылар күн жақын деді.

Теміршін мінді сөйтіп қайратына,

Ақырса жан шыдамас айбатына.

Жаттығып жекпе-жекке бес қарумен,

Дайындалды қас жауын жайратуға.

Басталды сәтті күні ұлы жорық,

Аттанды әскер намыстың құлы болып.

Ақсақалдар тұрысты бата беріп,

Бөрте ару жұрттың айтар жыры болып.

Бұлар да соқты жауды тұтқиылдан,

Сау етіп ауыл сырты шықты қырдан.

Сүп-сүйір сұр жебелер суылдады,

Өмірді үзуге арнап мықты қылған.

Меркіттер қорғанысқа көшті амалсыз,

Дегенмен жатпаған-ды еш хабарсыз.

Ор қазылып, қойылған тосқауылдар,

Екі жаққа болды бұл еске алар күз.

Арудың ар-намысын еткен ұран,

Өмірден талай боздақ өткен ұлан.

Адамдардың өзара қырқысқанын,

Бақылап қалықтайды көкте қыран.

Оңды-солды сілтеп кеп алдаспанын,

Теміршін сұлатып жүр айқасқанын.

Найза сап, садақ тартып, шоқпар ұрып.

Ұрыс қызды астында айлы аспанның.

Шегінді жау кейінгі шепке қарай,

Селенгі өзені жақ бетке қарай.

Теміршін жүз жігітпен бұзып-жарып,

Қоршаулап оң қанаттан өткен орай.

Бөрте сұлу таң түстес атқан қырдан,

Бекзада қатыным деп мақтан қылған.

Өзен бойы жасырын жолға салып,

Күймемен атшы қосып аттандырған.

Оқ тиген аттар үркіп ала қашып,

Екі жақ кетті мидай араласып.

Шеп бұзылып меркіттер тым-тырақай,

Безіп кетті жан-жаққа қара басып.

Кей батыр қаша ұрысып соғыс қылды,

Құлақтың дәл түбінен оқ ысқырды.

Тағдыры Теміршін мен Бекзаданы,

Ақыры жекпе-жекте тоғыстырды.

Шайқасты, аттың басын тартады ма,

Теміршіннің сарт етті оқ қалқанына.

Жекпе-жекте күш пенен айла асырып,

Үмітін бес қаруға артады да.

Бекзада ақ найзасын шанышты кеп,

Жауымның кеудесінен жаны ұшсын деп.

Теміршін шапшаңдықпен найзаны ұстап,

Екеуі ат үстінде алыссын кеп.

Жұлқи тартып алды да қақ айырды,

Ер басына бір ұрып ақ қайыңды.

Айбалта да сағақтан омырылды,

Таңдайтынын кім білсін бақ қай ұлды.

Әдіс, айла, күштерін байқатысты,

Сөзді де оқтай қадап айта түсті.

Қағысқан қылыштары қолдан ұшып,

Екеуі шегінісіп қайта атысты.

Қара жер қанға сірә қанады ма,

Қайда да батқан адам нала-мұңға.

Теміршін ебін тауып қастасының

Оңдырмай оқ қадады тамағына.

IV

Жыраулардан қалған сан көркем өлең,

Тарих, талай сырды шертеді өлең.

Теміршіннің дауысы саңқылдады:

«Қайдасың Бөрте!…Бөрте!…Бөрте!…» – деген.

Ұрыста кім жеңгені анықталды,

Шабылып қарапайым халық қалды.

Жасырын күймедегі Бөрте сұлу,

Дауысын жан жарының танып қалды.

Айқай салды:-«Мен Бөрте мұндамын!-деп,-

Құтқар мені кетейін құрбаның боп».

Күймеден ырғып түсіп қарсы ұмтылды,

Деп:«Жауға жар болуға туғаным жоқ».

Оралды жүгіріп кеп шылбырына,

«Болайын,- деп,- өзіңнің құлдығыңда.

Әйел байғұс қашан да жау олжасы,

Талақ етіп Бөртеңді мұңды қылма.»

«Жүрегіңмен ақтап ал, адалдап ал,

Қайтейін саған да обал, маған да обал.

Жаугершілік тоқтайтын кезі бар ма,

Қанша халық бейбіт күн-заманға зар.»

Теміршін аттан түсіп жарын құшты,

Жары емес лапылдаған жалын құшты.

Бөртесін құшағына орағанда,

Тебірентті от сезім жанып күшті.

Құтылу еді жаудан басты арманы,

Бөртенің жанарынан жас парлады.

Кездесу мұндай, тіпті, түске енбеген,

Ойлаған: енді менен бас тартады.

Мінгізіп алдына алып атқа жарын;

«Ашылар,-деді,-өзіңмен бақ-таланым.

Сен емес, өзім сенің құлың болып,

Аялап қызметіңді атқарамын».

Бөртесімен төрт айдай көріспеген,

Теміршін қайтты ауылға жеңіспенен.

Ел шетіне енгенде етті тағзым,

Туған жерге төрт түлік өрістеген.

Қол бастап көрсетті алғаш көсемдігін

Сөз бастар топ алдында шешендігін.

Байқатты ол жас та болса ер екенін,

Ойлайтын ел-жұртының есендігін.

V

Бөртені түсірді ана үйге бөлек,

Ерекше тылсым сырлы күйге бөлеп.

Еркемай,көркемай,-деп жеңгелері

Айналып-толғанып жүр шыркөбелек.

Жеті күн жұбайына жуытпады,

Есігін мықтап жауып құлыптады.

Адалдамақ бұрынғы ғұрыппенен,

Қызық-ақ тәуіп кемпір қылықтары.

Түсірді боз биенің саумалына,

Күн батып, ай төбеден ауғанында.

Шөптердің қырық түрлі гүлін жиды,

Маңғұлдың өсетін көп тауларында.

Жат қолында төрт ай ол тұрғаны шын,

Амалсыз жатқа мойын бұрғаны шын.

Ағзасы тазарсын деп, жаңарсын деп,

Ішкізді неше түрлі гүл дәрісін.

Айналып жеңгелері сырласына,

Шөптердің шомылдырды түнбасына.

Ақ тәнін сылап-сипап, жұпар шашып,

Әсемдік қоса түсті тұлғасына.

Тұнығы кеткенмен сәл лайланып,

Ақтығы жүрегінің Құдайға анық.

Боп-боз беті қызарып, қан жүгіріп,

Бөрте ару шыға келді шырайланып.

Үйлену тойға жұртты жиды қайта.

Көрсетті қонақасы сыйды қайта.

Ежелгі ата салты-дәстүрімен,

Екі жастың некесін қиды қайта.

Өкіл әке келінін келіп көрді,

Көрімдік сұрағанға беріп келді.

Жеріңді жау аяғы баспасын деп,

Әскерінен мың сарбаз бөліп берді.

Қайын жұрты қоңырат ол да келді,

Ерлікке ел көңілі толған еді.

Бес жүз жігіт-төленгіт қосып беріп,

«Құсыңды мықтап ұста қолда»,-деді.

Шырқаған әнші жастар «ой,қалқаны»,

Көтеріп ел еңсесін той тарқады.

Теміршіннің абырой, атағы асып,

Алыс-жақын дұшпаны бой тартады.

…Отауға Бөрте аруды алып келді,

Айдай сұлу ажарын халық көрді.

Шымылдыққа енгізіп, қол ұстатып,

Төсегін жеңгелері салап берді.

Теміршін құшып жарын аймалады,

Қызыл тіл сөзден қалып байланады.

Бір-бірін аңсап көрген екі жастың,

Бал бақыттан бастары айналады.

Бозарып келеді атып шығыс таңы,

Жұбайлар құшақ жазып тыныстады.

Махаббат бір Алланың адамзатқа,

Сыйлаған таңғажайып ырыс-бағы.

Махаббат күшті қандай шараптан да,

Бойыңды балқытады тарап қанға.

Қос ғашық қосылғанға тәуба қылды,

Мың алғыс айтып Тәңір-жаратқанға!

Тіл қатып Бөрте сұлу:-Төрем,-деді,-

Бір күдік көңілімде көлеңдеді.

Жат құшақта болғаным бетке шіркеу,

Бетіме салық қылсаң өлем,-деді.

Теміршін: бетіңе әсте баспан,-деді,

Сені аңсаумен түн ұйқым қашқан,-деді.

Айтпақ түгіл көңілге алсам соны,

Үстіме құлап түссін аспан,-деді.

Кінәң да, күнәң да жоқ ақсың,-деді,

Ақ тәнің де кіршіксіз пәксің,-деді.

Тәңір бізді жарылқар бұдан былай,

Маңғұлға қонған келіп бақсың!-деді.

Қыздайсың бейне беті ашылмаған,

Жемісі жерге түсіп шашылмаған.

Алмаңды алғаш үзіп алған өзім,

Бақытты жанмын жүрсең қасымда аман!

Мұны естіп Бөрте сұлу күлімдеді:

-Айың болсам, сен менің күнім,-деді.

Шаттықтың шалқарына шомылдырып,

Бал бақытқа бөледің бүгін мені.

Баһадүр, жас жолбарыс, ием менің,

Кінә тақпай қалтқысыз сүйем дедің.

Ардағым, ойға медет, бойға қуат-

Серт сөзің мен ыстық дем-тиер лебің.

-Бөртем, бүгін көңлімнің күйі бөтен,

Мен әлі-ақ мәртебеңді биік етем

Жарты әлемнің патшасы болсамдағы,

Сені сүйіп, басымды иіп өтем.

Жүресің аймағымның сәні болып,

Өмірімнің ең басты мәні болып.

Атың сенің аңызға айналады,

Маңғұл мен Түркі елінің әні болып.

Ұрынбай ойдың Бөрте ұсағына,

Шырмалмай шықты күдік тұсауына.

Айқасып білектері ене берді,

Маужырап тәтті ұйқының құшағына.

VI

Теміршін ерте оянып ертесінде,

Сүйсініп қарай берді Бөртесіне.

Неткен ғажап көрініс томпаяды,

Төңкерілген қос кесе өр төсінде.

Сұлулыққа қос көзі тоя алмады,

Қайта-қайта қарауын қоя алмады.

Бап-балғын боп балбырап жатыр ұйықтап,

Аңсаған орындалып ой-арманы.

Тәңірім-ау, бұл деген неткен бақыт!

Жауғандай-ақ төбеме көктен жақұт.

Ойлап тұрсам жетпейді миым мүлде,

Бөртесіз төрт ай қалай өткен уақыт?!

Мұндай сұлу жар сүю балдай бақыт,

Кәусарынан қанасың қаздай қалқып.

Жау қолынан жарыңды азат етіп,

Қайта құшып қосылу қандай бақыт!!!

Ел әлі әлсіздігін байқатады,

Жауға қалай шаңырақ шайқатады.

Мықты әскер құру керек Бөртесінен,

Айрылып қалмас үшін қайта тағы.

Ел айбынын асырам Бөртем үшін,

Бөртемнің шат көңілді ертеңі үшін.

Іргесі берік мықты Ұлы ордада,

Алаңсыз өмір сүрсін ерке құсым.

Айрылса енді өлім ғой Бөртесінен,

Үзілер өмір онда келтесінен.

Табан тірер бір сүйем жер табылмас,

Маңғұлдың ұлан байтақ өлкесінен.

Және сын Отан, намыс, елдігіңе,

Бола ма ит тірлікке көндігуге.

Қорғалаумен қашанғы күн кешеді,

Қолдау сұрап барады енді кімге?

Аңдыған жау қашан да алмай қоймас,

Қыл арқанды мойныңа салмай қоймас.

Ең алдымен Бөртеге ауыз салар,

Дегендей аю тәтті балға тоймас.

Қытай дос болады деп айта алар кім,

Күшейтпей елді қалай жай табармын.

Әкенің өсиеті-басын құрау,

Қырқысқан қырық ру тайпалардың.

Дау ,…талас-оңға қара, солға қара,

Белгісіз тәңір жолды оңғара ма?

Түркі-маңғұл одағын құру міндет-

Бөрте өмірі қауіпсіз сонда ғана.

Теміршін тұрды ерленіп төсегінен,

Тәңірім, жаңылтпа деп есебімнен.

Шешімге келді сондай түйін түйіп,

Көп ойдан жанын жеген неше күннен.

VII

Ұлы дала, Тұранда тұрып келген,

Халықтар талай патша-ұлық көрген,

Теміршін Шыңғыстауда Шыңғысхан боп,

Түркі-маңғұл одағын құрып берген.

Хан Шыңғыс жеңер жолын алдан ойлап,

Қытайдан кек қайырған «Амбағайлап!»

Осы күні қазақтың тіліндегі

Сол ұраннан қалған сөз- «андағайлап!».

Жүгініп қан майданда ер қаруға,

Әр жеңісін арнаған Бөрте аруға.

Жігерін жанып, сыйлап махаббатын,

Рух берген Шыңғысқа ерке ару да.

Ұлы хан болған Жошы-тұңғыштары,

Ұлы Одақты күшейту-шын құштары.

Қоңырат-Түркі аруы Бөрте сұлу

Шығарған Теміршіннен Шыңғысханды.

Қыранның қырандығы – баптауында,

Ақындық – асқақ жырды ақтаруда.

Шығарған қыпшақ қызы Аппақ ару,

Низамиден классик Қап тауында.

Уақиға болған тұстас бір ғасырда,

Замандас, сәйкес, тіпті, жылдары да.

Шыңғысхан даңқы кетсе жер жүзіне,

Әлемге аян Низами жырлары да.

Арнаған дастан, жырлар Аппағына,

Шын шабыт құшағынан таппады ма.

Қазақтың бұл-қос ару, қос сұлуы,

Сияды мейлі қалай мақтануға!

Қазақ қызы – Ақ Бөрте, Аппақ ару,

Хан мен ақын ғашық боп тапқан ару.

Тамаша ғажап сұлу ғұмыр кешіп,

Алтай мен Қап тауында жатқан ару.

Ақ Бөрте, Аппақ – ұлы әйел, ұлы аналар,

Махаббаты – ұлағат – жыр аналар.

Ақындар өмірлерін дастан етсе,

Тарихын зерделейді ғұламалар.

VIII

Ұлы дала, тұранда тұрып келген,

Халықтар талай патша – ұлық көрген.

Шыңғысхан дәл 300 жыл мызғымаған,

Түркі – маңғұл одағын құрып берген.

Ақындар айтар сөзін айтады асқақ,

Тайпалардың ғадеті – тайталаспақ.

Қазақ, қырғыз, өзбек пен түрікпен боп,

Тарап тындық тартысты қайта бастап.

Байлық, тоқал, жер тартып алмақ болып,

Соғыстық 100 жыл, қазақ-қалмақ болып.

Ақыры орыс, қытай олжа қылып,

Бодандық басқа түсті салмақ болып.

Ұлы Одақты хан Шыңғыс көксеп тегі,

Елдердің басын құрап өтпеп пе еді.

Ақсақ Темір бақасып Тоқтамыспен,

Ақ Орданы құлатты, көктетпеді.

Әкеткен жұртты солай бұрып беттен,

Ұлы Орданың езуін жырып кеткен.

Шаян болып өздерін өзі шағып,

Ұлы хандар тұқымы құрып кеткен.

Азатпыз, тәуелсізбіз қазақ бүгін,

Бодандық қалған артта азапты күн.

Бәрібір Түркі Одағын құру міндет,

Кімге айтамыз деп : «Осы талапты ұғын!»

Әзірге түлкі тірлік қорғалаған,

Жолбарыстың алдында жорғалаған.

Айлалы «дос» күні ертең алдап соғар,

Ақын ба ел тағдырын толғамаған.

Тәуелсіздік десек біз тұрақтасын,

Алауыздық арадан жырақтасын.

Ойда орыс, қырда қытай тісі батпас,

Түркі елдері біріксе құрап басын!

Айдаһар «жұтам» дейді – солға қара!

Самұрық «ілем» дейді – оңға қара!

Ұлы Түркі Одағы – ұлы мұрат,

Тәуелсіздік – мәңгілік сонда ғана !!!

Жұма – Назар СОМЖҮРЕК,

Астана