Yazdır
Üst Kategori: Kardeş Edebiyatlar
Kategori: Kazak Nesri
Gösterim: 2687

Қоңыр үн талып жетті. Соңғы иірімдер сызылып барып жым болды. Етек-жеңін ораған бақсы боран сұғынып, жан үні бу болып тарқады. Қара дүлей ызыңдап алқымын орады. Қоңыр үн суылдаған сары шұнақ аязға айналды. Қоңырқай суреттердің тілім-тілімі шығып дар айырылды. Сұғанақ қолдардың уысынан сытылып жалбырақтап құлап, қаңғалақтап барады. Буын-буынын босатқан қобыздың қыл ішегі дың етіп үзілген. Бірақ алай-дүлейдегі көз аштырмас ұшқынды боранда бәрі ғайып болды…

***

Көз шынысын жуып түскен тамшылар мөлтілдеп көз ұйығына тұныпты. Қара көзі алайып аспанға жалқы рет тігілген бойы, жылтыр мұзды шынының бетін айғыздап тамшылар құлап жанарына ұя салыпты. Секіре түскен секпіл күннің бозамық сәулесі қылтияды. Жалтылдаған шыны күмбез күн сәулесімен жідіип, еріп барады.

***

Қоңырым… Әкесі жуан бұрымынан ұстап еркелетеді. Жарық Дүниеге іңгәлап Асыл мен Ардақ келгенде, аһ деп ана жүрек үзілген. Қорғансыз бөпеге еміренгенде әке «Қос Қоңырым» деп күрсінген. Содан бері ел де Асыл мен Ардақты Қос Қоңыр деп атайды.

«Қоңырым…» құлағында қалып қойған жылы үн жүрегіне сұғынған аяздан үсініп өлді. Енді естілмей қалды қоңыр үн. Қобызын, сарнатып ұзақ сызылтқанда, еміреніп иіскеуші еді әкесі, иіскеп отырып Қоңырым дейтін. Қоңыр үнмен талықсыған қобызының үні – желдің уіліне мұншама ұқсас…

***

Күбірлеп қалды. Құшағына басқан Асылды мойнынан құшақтап қысты. Көзін тарс жұмды да жалқы рет көкке жүзін бұрды.

***

Қоңырдың оң саусағы майысып, көп жұртшылықтың алдында қобыз ойнаған. Ауыл адамдары Қоңырдың күлімсіреген езуін көрмеген екен, қобыздың шанағы тартылғанда көздері тіксіне қылыип, бойы иіріліп шайқатылады. Елсізде егілген изендей шалқып ел адамдары мұнтаз жәдігөй күйдің арбауына түсіп мүлгиді. Қоңыр, қобызының талшығымен ирелеңдеп, қос қарашығына өзі жұтылып кеткендей болатын. Сол мезет қара апанға құлаған мың-мың ұсақ ақ кебіндердің жер тырмалай тырмысқандары көз алдына келеді. Қап-қара екен. Апанның аузына жалп еткен адамдар қолдарын көкке сермей ғайып болады. Мың-мың ақ кебіндер төбеге жер тырмалап шығып өріп жүр…

***

Асыл талдай бойын түзеп, ерке сылқым болып өсті. Өр өжеттігінен бойынан сөз асырмайтын. Тіпті Ардақтың өзін қорғаушысындай күзетіп жүреді. Өзі паң, көзінің аласымен қарап тәкаппарсынып тұратын. Неге екені, сурет салуға ерекше әуес. Қобызшы әпкесінің күйіне елітіп отырып, сурет салуды ұнатты. Егізі қобызын қолына алса, бұл қаламы мен қағазын дайындап отырады да, кез келген күйдің әуезін суретке түсіруге асығады. Салған суреттері кілең қоңыр түстес, сұрғылт. Ылғи батқан күннің қажыры қайтқан қоңырқай түсін дөп басып түсіреді. Қоңыр түске малынған сұрқай суреттер үй қабырғаларының түгел бойын жапты.

***

Апасы жындана жаздайтын. Ақ селеу қидай шашын тарамыстап отырып, егеу тілімен қыршып отырады. «Қыз болмай қызыл итке мінгескірлер! Бірің қобызыңды қыңқылдатып, бірің қабырғаны тесіп болдырдыңдар! Жедіңдер мені қос жетім…» Әкесі жоқта түртпектеп, бүйірінен түйіп қалады Ардақтың. Асыл көбіне көп шайпау ананың бетіне келіп, ә десең мә деп отырады. Момын Ардақ үнсіз мұңаюдан басқа өгей анаға кінә артары жоқ. Мектептен келгесін шешесінің айтқанын екі етпейді. Тек Асылдың жұрт көзіне түсіп бұраңдайтын бұла мінезінен көп сөгіс естиді. Асылың әне, мектепке бармай Қуысбайдың қутыңдаған қызымен қыдырып кетіпті, кеше кешкісін көрдің бе, ыржалақтап бешірінен таң ата келді. Бұл қыз оңбайды. Оңдыртам мен оны деп Ардақтың миын жеп бітеді.

***

Қос Қоңыр үлкен қаладағы екінің бірі қолы жетпейтін оқуға келіп түсті. Әкесі шалғайдағы 18 жыл бойы ел көзінен таса еткен бір қос малын сатып, Қос Қоңырды түсірді оқуға. Сонда қуанышы қойнына сыймай, ауыл аймаққа ас берді. Ауыл-аймақ түгел жиылып, Ардақтың күйін тыңдап батасын берген.

***

Қатып қалған қарашықтар күннің көзінен алысқа сүңгіген. Бозарған аспан көзін ағызып Түлкібас төбелерінің қиырын жуып, еңсесін басты. Үш күндік сақылдаған аязды боран сап тиылған. Жымысқы атыраптың тымығын бұзып бозбет далаға жаңбыр ақты. Қос Қоңыр үш күн бұрын төбеден түсе беріп, аударылған автобустың сынған терезесінен сытылып шығып, аязда бір-бірін құшаққа басып қатып қалған. Аяздың ұйыққан шеңбері екеуін лезде тапжылтпай қамап алды да бүркей берді, бүркей берген. Төңкеріліп жатқан автобустан аңыраған жіңішке жуан ышқынған үндер талықсып ысылдаған дүлейге сіңіп кетті.

***

«Қоңырым, Қос Қоңырым!»… Сұңқылдап әке өксіді. Сұңқылдап ел де өзегін жарды. Сұңқылдап Түлкібас жыра мойнын жасырды, қотыр мойнын қасыды. Таз жотасын алақанымен жапты. Безеу бетін опынумен тырмалап қанатты. Бірақ… үш күндегі елсіздікте Түлкібас елегізіп оңына қарады, жерге кіріп солына қарады. Қырыққа жуық қапы жұртты құртқарар деп Қаратауға ұмсынды, жалтақтай Алатауға ұмтылды. Бірақ… үш күннен соң қабағының қыртысы жазылмаған Қаратау мен Алатауға қарғыс айтты да ақ кебіндеп өз бауырына басты. Жыламсырап көз жасын әрең тыйған бозбет аспан Қос Қоңырды төртінші күні қар астынан ашып берген. Қос қоңырдың тұлғасы шыны айнадай жалтырап, төбелері үшкіл үйдей томпиып қапты.