Қазақтың маңдайына біткен жақұты,

алты Алаштың мақтаны, 

сүйікті жазушым   

Шерияздан Елеукеновтың 

рухына арнаймын

Әдебиет әлеміне апыл-тапыл басқан қадамым 2015 жылмен тұспа-тұс келген. Дәл осы жылы өзімнің тұңғыш прозалық жинағымды «Өлгендер қайтып келеді» деген атпен жарыққа шығардым. Алайда кітабымның баспадан шыққанынан сөреде тұтқындалғаны тез болды. Әлеуметтік желідегі оқырмандарымның оң лебіздерінен өзге аға буын өкілдерінен сын да, мін де естімедім. Ащы сын күттім аптығып, мүлгіген тыныштыққа ұрындым. Найза сын тостым түйреп өтіп өсіретін, өлі тыныштықтың қамалына соғылдым. 

Арада бір жыл өтті. Қайсыбір үлкен қаламгерлерден пікірлерін сұрасам, жақауратып, «иә, жақсы, жаза бер» десті. Сын айтпайтын бұл неткен әдеби орта? Әлде мені өгейсініп отыр ма? Алуан ойлар жетегінде жүріп, бір күні нық шешімге келдім. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, абыз қаламгер Шерияздан Елеукеновтың өзімен жолықпақ болдым. Үй телефонының нөмірін тауып алып, алдын-ала хабарласып, мамырдың бір мамыражай күнінде сағат үштер шамасында үйіне бармаққа уағдаластым.Қолымда тұңғыш жинағым, көңілімде үміт пен күдік алма-кезек ауысып, жетіп бардым. Сексеннің сеңгірінде де сырбаз көрінген ағамыз мені бірден таңқалдырды. Қысқа амандықтан соң уәделі уақыттан он минут кешіккенімді, он минутының күтумен өткенін айтты. Жұмыс бөлмесіндегі әр жерде самсаған кітаптар, бума-бума қағаздар Шерияздан ағаның қызу тірлігін аңғартты. Он минут уақытының текке өткеніне өкінген ардагер қаламгерге сүйсіне қарадым. Алтыннан да қымбат уақытының әр минутын қадірлей білетін арда тұлғаға тамсандым. Әйтпесе, кешігіп жүруді ұлттық қасиеттей көретін қазақтарға он минут кідіріп қалу деген не, тәйірі?!

-Жұмысыңды баяндай бер,-деді аға сәлден соң орындықты нұсқап.

-Алғашқы кітабымды шығарған едім. Ешкімнен сын алмадым. Сын болмаса, қалай өспекпін?-деп қолымдағы кітабымды үстелінің бір шетіне қойдым.Өмірі кітаппен, жазумен өтіп келе жатқан Шер-ағаң бірден жинағымды қолына алып, аударып-төңкеріп қарай бастады. Мазмұнына көз жүгіртті.

-Жылататын сынды көтере аласың ба?-деп көзі күлімдеп, сәл езу тарты.

-Әділ сын өсіреді, көпірме мақтау өшіреді. Қалам қарымымның қай қырда екенін өзім де байқаймын. Бірақ сіздің лебізіңіз маған ауадай қажет,-дедім жылы шырай танытқанына батылданып кетіп.

-Өткенде бір  жігіт келді. Өзін «ақынмын» деп таныстырды. Кітабын беріп, оң сын жазуымды өтінді. Ашып оқып едім, су татиды екен. Ештеңе жаза алмадым,-деп әңгімеге ойысты ақиқатты ғана қаламына азық еткен ақсақал.

-Мен ештеңе өтінбеймін, жылы сөз жазуыңызды сұрап жалынбаймын. Тек шындығын айтсаңыз болады,-дедім мен де шешіле сөйлеп.

-Жақсы, өзім хабарласамын, телефон нөміріңді қалдыр,-деді сөзді тәмамдаған жазушы. Есікке беттеген мені шығарып салып, ізет көрсетті. Ағамыздың бекзат дидарына іштей сүйсініп, тамсанып, таңдай қағып үйіме келдім. Жол бойы қазағымның «Жақсымен өткен бір күнің жаманның өтіп кеткен ғұмырымен тең» деген ғибратты мақалы тіл ұшымда тұрды. 

 Шерияздан ағадан қоңырау күтумен ай өтті. Маусым аяқталып, шілде орталанды. Киелі сөз өнеріне аттаған алғашқы қадамыма бұрынғыдай сенімді болмай, күдік бұлты қоюланған бір шақ еді. Қаламмен қоштасар халге жақын қалдым. Ойламаған жерден Шерияздан аға өзі қоңырау шалды.Жақсылық хабарды жүрегім сезе қалды.Аз-кем амандықтан соң, ағамыз байыптап сөз бастады.

-Сенің кітабыңды бірнеше рет оқып шықтым. Ақыры үнсіз қалуды жөн көрмей, сын жазуды құп көрдім. «Қазақ әдебиеті» газетінің бүгінгі нөмірін алып оқы.-Мына сөзден соң аяғымның астындағы қара жер шыр айналып, көкке шыққандай болды. 

-Газеттің бүгінгі саны қолыңда ма?-деді ағамыз жылы үнмен.

-Жоқ, әлі алмадым,-дей беріп едім, ұрсып тастады. Бірақ ұрсуында зіл жоқ, қайта өзімсіну, бауырға тарту бар. 

-Неге бүгін шыққан «Қазақ әдебиетін» әлі алмағансың? Өзің жазушысың. –деп кейіген ағамның үні мені тіптен шаттық айдынына жетеледі. Әрі өзімнің шығармашылық ғұмырымда тұңғыш рет ардақты аға буын өкілінен «сен жазушысың» деген сөзді алғаш естуім. Бұл өзімді-өзім мойындай алмай жүрген екіұдай шақ болатын. Ал Шер-ағаңның «сен жазушысың» деген бір ауыз сөзі маған ақ батадай әсер етіп, әдебиетке батылсыз аттаған қадамыма қуат бітірді. 

-Иә, қазір ұшып барып газетті аламын,-дедім даусым саңқылдап.

-Сөйт. Сосын нендей ой түйгеніңді маған айтарсың,-деп ағам әңгімені доғарды.Осы сәттегі қуанышымды суреттеуге мендегі тіл жетпейді. Шілденің ми қайнатқан ыстығы маған таудың салқын самалындай сезілді. Жұпыны жалдамалы пәтерім хан сарайындай салтанатты  көрінді. Сөреде жетімсіреп жатқан кітабымды құшақтап бір сүйдім де, «Енді мұңайма, Шер-ағамның пікірінен соң кім не десе де мейлі,ешкімнің сыны мені «әдебиет» атты ғашығымнан айыра алмайды!»-деп тұңғыш жинағымды бауырыма қатты қыстым. Көңілім тау суындай тасып, редакцияға бардым. Газетті асығыс-үсігіс алдым да, саябаққа жүгіре жеттім. Отыра қалып, ағамның мақаласын іздедім. Соңғы беттердің бірінен «Айзат айшықтары» деген етектей мақала жарқ етті. Мен Шер-ағамнан бір ауыз лебіз күтіп жүрсем, ол кісі менің шығармашылығым жайлы көлдей мақала жазып тастапты.Оқи бастадым. Оқыған сайын нысанаға дөп тиген мірдің оғындай әділ сынның болмысын байқадым. Асып айтпайтын, не тасып айтпайтын турашыл сынның садағы мені жасытпады, қайта жігерлендіріп, болашағыма беталыс-мұнара тұрғызып берді.Кітабымдағы әрбір туындымды жанрға бөліп жіліктеп тастапты.Жақсысын асырмаған, жаманын жасырмаған.Мақала «Айзаттың әдебиетке аттаған ілкі қадамы сәтті болды,»-деп түйінделіпті. Осы бір ауыз түйінді сөзден алдыңғы толқын ағамның маған білдірген сенімі, шығармашылық болашағымнан күткен үміті-бәрі-бәрі айқын сезіліп тұрды. Асыл ағамның сұлу сенімімен қаруланып, шығармашылық өмірімнің жаңа шамын жақтым.

Ағамның мақаласын әлеуметтік желіде бөлісе бастадым. Жапа-тармағай оқымаса да, бірлі-жарым пікір білдіргендер табылды. Күтпеген жерден бір желі қолданушысының пікірі тқбемнен жай түсіргендей болды. Парақшасын ашып қарасам, әжептеуір атақтары бар ақын екен. Жазған пікірінің сиқы мынау: «Мүйізі қарағайдай Елеукенов анау-мынауға сын жазбайды. Мына мақалаға қанша төледің? Әлде өзің жазып, соңына Елеукеновтың атын қоя салдың ба? Қазір өзіне-өзі «сын» жазатындар көп қой.» Мәссаған! Сонда мен «тұнық» деп бағалап жүрген қазіргі әдебиетімізде осындай да масқаралар бар ма? Дүдәмал күйде қалдым. Атақтың нешеме атасын «асырап алған» ақынның Шер-ағаңның сын жазуын неше теңгеге бағалағанын кім білсін? Не де болса, ағамның өзімен жүздеспек болдым. Бұл жолы айтулы уақыттан титтей де кешікпедім. Ағам аса жылы шыраймен қарсы алды. 

-Аға,-дедім мен де өзімсініп,-сыныңыз бар мінімді түзеуге қауқарлы. Сол үшін сізге ризамын.

-Шыны сол, несіне алғыс айтасың?-деп қаламгер миығынан күлді.

-Желіні желпінткен бір ғайбат сөз көңіліме келді. Айтуға ұялып отырмын,-деп сөзді тереңнен бастадым.

-Мен жаратылысымда өсек ,жел сөз дегенге құлақ аспаймын. Ең дұрысы-оны елемеу,-деді ақсақал қаламгер алдындағы газетіне шұқшиып.

-Мен де өрекпіген өсекті елең қылмаймын. Бірақ мына естігенім «әдебиетте расында да сондай кесірлі үрдіс бар ма?» деген ойға қалдырды.-Мен желідегі «әдеби жаңалық» ашқан әлгі бір ақын туралы тәптіштеп айта жөнелдім. Сөзімді үзбей тыңдаған Шер-ағам сәл үнсіз қалды. Әлден уақытта жүзіне тым салмақты рай беріп, жауабын жұптады.

-Мұндай төмен әңгіме айтатындар менің біліміммен теңесе алмайды ғой. Сондықтан ондайларға жауап берудің өзі артық.-Білімі ұшан-теңіз, парасат-пайымы тым биік, мәртебелі бола тұра соншалықты кішіпейіл жазушым қысқа да нұсқа жауабымен көпті аңғартты. Екеуара әңгімеден соң қаламы жүйрік абыз маған кітабын сыйға тартты. Сыйға кітап алғанды жаным сүйеді. Жеке кітапханамның төрінде сүйікті жазушымның кітабы мен мұндалап тұратын болды. Бұрын романдары мен зерттеу маақалаларын махаббатпен оқушы едім, кейін жақын біле келе, адамдық биік болмысына қанығып, сегіз қырлы тұлғасына тәнті болдым.

 Күндер кідірмей, апталар аялдауды білмей өтіп жатты. Шерияздан ағама ара-тұра қоңырау шалып жүрдім. Қыркүйектің бас кезінде құжат бойынша туған күні екен, телефон шалып құттықтағанымда риза болғаны даусынан байқалды. 

-Дәл осы күні туғаныма күмәнім бар,-деп ақтарыла күлді.

-Осы сенбіде өзіңізбен жолығамын, жан ағам,-деп мен де құрметімді жасырып қалмадым. Аптаның соңына әрең жетіп, күйкі тірліктің бәрін ысырып тастап, ағама қарай құстай ұштым. Ғұмыры ғибратқа толы шежіре-ақсақалмен дидарласуға асықтым. Әр сөзіне ұлағат жиған жасампаз жазушыммен жүздесуге тағатсыздандым. Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан пәтеріне жылдамдата жеттім. Кешіксем, тағы да кейіс естірім анық қой. Ағам туған күнінің тарихы турасындағы әңгімесін бастап кетті.

 -1929 жылы туғаныма шәк келтірмеймін. Ал туған күнім нақты емес. Өзім әжемнің баурында өстім. Әке-шешем, бауырларым бәріміз бірге тұратынбыз. Бірақ әжем мені, тұңғыш немересін, қызғыштай қорып, ешкімге ауыз аштырмайтын. Тентектік жасап қойған күні ертерек келіп, әжемнің қойнына сүңгіп кететінмін. Әкем ұзын бойлы, өр тұлғалы адам еді. Қанша қайтпас қайсар болса да, әжеме жақындап келе алмайтын. Тыныш жүрмей, бірдеңені бүлдіріп қойсам, әкемнің қаһарынан қорқып, әжемнің баурына тығылатынмын. 

Иә, туған күн демекші, есейіп, ер жеткен соң, құжаттарымды реттестірсем, туған күнім белгісіз. Әрине, жөнін апамнан сұрадым. «Егін орағы басталғанда туғансың,»-деді. Шығыс өңірде егін орағы күннің райына қарай қыркүйекте басталатын. Содан «3 қыркүйек күні дүние есігін ашқанмын» деген ойға бекідім. Содан бері, міне, өмір бақи 3 қыркүйек туған күнім болып аталып жүр.

Мен тек тіс жармай тыңдауды білемін. Ол заман шынымен де солай еді-ау. Тіпті өзімнің нағашы әжем анық туған күнін білмек болып, шешесінен сұраса, «кешкі сиыр сауымы басталар кезде шыр етіп жерге түскенсің,»-депті ғой. Жадыраңқы жүзбен отырған ағам кенет ойымды оқып қойғандай әңгімесін жалғап әкетті.

-Менің бір курстасым бар еді. Сол жігіттің туған күні қазанда болатын. Осылай өмірге келген күніміздің тарихын термелеп отырғанбыз. «Қазанда туғаның рас па?»-деймін досыма. Ол сәл күрсініп, «әжем «боқ қатқан кезде туғансың,»-деп айтқан. Әжемнің айтқаны дәу де болса қазан айының ортасы болар деп шамалап туған күн «жасап алғанмын»,-деп жымиды замандасым.Тезек қатпай тұрып, егін орағы басталғанда туған менің мақтанатын жайым бар емес пе?-Риясыз күлкісін еркіне жіберген асыл ағама мен де қосылдым. Балдәурен шағының бал татыған естеліктері ағамның көңілінде күні кешегідей сайрап тұрғанын жаныммен түйсіндім.

-Ал енді сен туралы айтайық. Өзің нендей тақырыпта жазбақ ойың бар?-Жазушым салмақты райға ауысты.

-Бір оқырманым Қарттар үйінде тұйықталған бір тағдыр туралы әңгімелеп берген еді. Соны жазсам ба деп жүрмін.

-Дұрыс, жазған үстіне жаза түс. Қаламың жүрдектенеді, жазуға төселесің. Бір айтарым-біреуді қайталаудан, біреуге еліктеуден аулақ бол. Бұл-сенің өзіңнің «меніңді» құртып жіберетін кесел!-Қалам қасіретіне ұрындыратын «кеселден» сақтандырған ағамның осы кеңесі мәңгілікке жадымда қалды.Ойға алған әңгімемді сәтімен аяқтап, «Ақша бұлттар түнергенде» деген атпен жарыққа шығардым. Осылайша Шер-ағам менің шығармашылық әлемімнің күні, ардың ісі-әдебиеттің үні болып жүрегімнің төріне жайғасты.

* * *

Салтанат құрған сәуірде ағама тағы барып жолықтым. Кәдімгідей сағынып қалыппын. Шер-ағам да мені арқамнан қағып, ерекше ыстық ықыласпен қарсы алды.

-Неге жиірек хабарласпайсың? Мен қарт адаммын, хал-жағдайымды біліп тұрмайсың ба?-Жас балаша бұртиған ағамның бұл қалыбынан қарияға ғана тән еркелікті, өзгеге емес, өзімсінген жақынына жорта өкпелеген күйін жазбай таныдым.

-Сіз әлі жассыз ғой, ағажан. Қаламыңыздан туған дүниелеріңізде қарттықтың нышаны жоқ,-дедім-Жанымдай жақсы көретін ағамды ашық еркелеттім. Жазушым көзінен мейірімнің шуағын шапы, жымия қарады.

-Тоқсанның төбесі көрінгенде, енді қайдағы жастық?

-«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді,»-Менің бұл сөзіме ағам кәдімгідей көтеріліп қалды. Көңілі жастық шағының естеліктерін көз алдына келтіргендей, тамағын кенеп, біраз отырды.

-Жастық шақ демекші, студент кезде ақпарат жазудан бастап едім. Жатақханаға алғашқы  қаламақым келгенде, аң-таң болып, бір бөлмеде тұратын үш жігіт алдымен тамаққа сылқия тойдық. Түлкі құрсақ жүретін студентпіз ғой. Ал кейін қаламақыға «дәндеп алдым.» Мақала жазып, газеттерге жариялап жүрдім. Едәуір қаламақы аламын. Уақыт өте келе, қаламым да төселе бастады. Қаламақымды жинап, едәуір қымбат саналатын, әрі сол кездегі сәнге айналған қол сағат сатып алдым. Қазіргідей жеңі қысқа жейделер жоқтың қасы. Жеңі ұзын көйлекті түріп тастап, сағатымды көрсетудің амалын да  таптым. Қалтамда ақша болған соң, қыздарды киноға шақырғыш болып алдым.-Жастық дәуренінің қызықты шақтарын сағына есіне алған ардагер қаламгердің сөзін ұйып тыңдадым. 

-Жас болсам да, бір мызғымас ұстанымдарым бар еді. Сол ұстанымдарымның бастысы-жарым нағыз қазақ болуы шарт.«Қатаң қағидаммен» қақайып жүргенде, жеңгеңе жолықтым. Ғашық болдым. Қалай ғашық болмайын?! Жүзі нұрға бөленіп, көзі жан баласынан қаймықпай тура қарайтын. Жүзің бар, бетің бар демей тіліп түсетін турашыл мінезі тағы бар.Отбасылы болған кезімде көрдім, он саусағынан өнер тамған хас шебердің өзі. Ешқашан дүкеннен дайын тамақ сатып алмайтын. Барлығын өзіндік талғаммен өзі әзірлейтін. Сол кездегі талай марғасқа жазушылар үйімізде сан мәрте қонақта болды. Ғабең «Таңдайда еріп сала береді,»-деп Жаңылымның аспаздық өнерін айрықша жоғары бағалайтын.-Ағам әңгімесін кілт үзіп, үнсіздікке бой ұрып отырып қалды. Көңілінде мұңы барын сездім. 

-Жаңыл жеңгемдей асыл жар бұйырғаны үшін де сіз бақыттысыз ғой,аға,-деп көңіліндегі кірбіңнен арылтқым келді.Ақсақал томаға-тұйық қалпынан арылып, әңгімесін келген жерінен сабақтады.

-Киім кию мәденеиті де ерек еді. Дүкеннен киім сатып алмай, өзі тігіп киетін. Әне, жеңгеңнің іс мәшинесі әлі тұр,-деп бұрыш жақты нұсқады.Аяулы жарынан көз жазғалы бергі қордаланған сағынышын маған ақтарып отырғанын біліп, өзімді сырлас тұтқанын іштей мақтан тұттым, әрі ағамды зор махаббат пен арнасынан асқан сағыныштың иесі болғаны үшін бақытты жанға баладым.

-Қызым Гүлжауар докторлық диссертациясын қорғаймын деп жүргенде, жүрек дертінен қайтыс болды. Қызымыздың қайғысынан есеңгіреп қалдық. Ал Жаңыл мүлде ес жия алмады. Ақыры қызымның артынан мәңгілікке кете барды. Содан бері жалмауыз-жалғыздықтың құрсауындамын. Олар жанымда болғанда, анда-санда болса да, домбырамен ән салатынмын. Қазір ән де кетті...-Осы сәт Шер-ағам мыстан-қайғының тырнағына ілінсе де, көкірегі ауыр сағыныштан тілінсе де, нөсер жауынға да, небір дауылға да бой бермес алып бәйтеректей болып көрінді.

-Аға, жақсылардың жандары жәннатта болсын. Ал еңбек жолыңызды қалай бастап едіңіз?-Ардақтымның қарттыққа бой алдырмаған қайсар реңін мұң мұнары тұмшалағанға жүрегім сыздай қалды. Әңгіме ауанын өзгертуге құлшынған себебім де сол.

-Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінен бастағанмын. Айтпақшы, газетке келіп түсіп, бірақ жарияланбаған бір ақпарат қазір кейде есіме түседі.

-Сол елуінші жылдардан бері есіңізден кетпей жүрген нендей маңызды ақпарат болды, аға? Әрі неге жарияланбады?-деп мен әңгіме қызығына бойлай бердім.

-Бір күні газетке шағын ақпарат келіп түсті. Бәлен ауданның түген аулында орысқа күйеуге қашқан қызын кешіре алмаған қазақ әкесі перзентін тірідей өлдіге жариялап, жаназасын шығарыпты. Басшылар «ақпарат саяси сипат алып кете ме» деп жариялатпады. Қазір әлсін-әлсін сол қыздың тағдыры не болды екен деп ойлаймын.-Қымбатты қаламгерім мұңды пішінін сілкіп тастап, өткен күннің естеліктерін тағы да тірілтті. Ағамның аузынан естіген дәл осы әңгімені тарқатып, «Үкім» атты туындымды жазып шықтым.Тек өзі баян қылған оқиғаның негізінде жазылған әңгімемді жан ағам оқи алмады...

Айлар амандығын беріп, арада екі жылды жылжытты. Қастерліммен арадағы сыйластық уақыт өткен сайын үзілмес қасиетке айналды. Ағам үнемі мені таңқалдырудан танбады. Мейрамдарда өзі бірінші болып қоңырау соғып, құттықтап қуантатын. Әсіресе, 8 наурыз-Әйелдер мерекесіндегі тілектері қандай?Шер-ағамның тілегінен соң мен үшін патша сарайында өтетін той басталғандай болатын. Көңілімде шаттық бұлбұлы сайрап, қуаныш гүлі бүр жаратын.

-Әдеби байқауларға көптеп қатыс. Бірінен болмаса бірінен жүлделі боларсың. Оқырманыңа атың танылар. –Бір күні жолыққанымда, ақылшым осылай деп кеңес етті. Мен шабыттанып, бірден әлденеше байқауларға туындыларымды ұсындым. Бір байқаудан жүлдегер атандым. Марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтанда өтті. Ағама ештеңе айтпай, Алматыға оралдым. Жүлдемді көрсетіп, арнайы бардым.Кәсіби журналистің қанына сіңген ақпараттар легінен хабардар болып отыру машығы әлі күнге қалмапты. Менің жүлдегер атанғанымды газет-журналдардан оқып, теледидардан көріп алыпты.

-Жеңімпаз болғаныңды газеттен оқып қуанғаным-ай! Байқауларға қатысуда ештеңеден ұтылмайсың. Әрі әдеби бәйгелер белгілі бір тақырыпқа тың дүние жазуыңа түрткі болады,-деп менің қуанышымды өз шаттығындай көріп, көңіл құсымды биікке қалықтатты.

-«Менің жазушы қарындасым миллионер,»-деп мақтанып жүретін болдым ғой,-деп жас балаша шаттанды.-Сенің екінші жинағыңа алғы сөз жазғанымда, қалам қарымыңның сара жолға түскенін білген едім. Әдеби байқауларға қатыс дегенімнің бір ұшығы да сол.

Айналайын ағамның жанарындағы қуаныш шуағы менің жүрегімдегі сүйіспеншілік сезімімен астасты. Иә, ағажан, мен сізді сүйемін! Сіздің ұлық тұлғаңызды, кішік мінезіңізді, таза пейіліңізді, достық ниетіңізді, шырқау биікте қалықтаған қыран келбетіңізді сүйемін. «Жақсылық, «ақиқат» деп қана соғатын жүрегіңізді сүйемін!

Ағамның ақ батасынан серпін алып, осы жылы Ашық Еуразиялық әдеби фестивальге қатысып, аталымды жеңіп алдым. Жеңісім турасында айтқанымда, ағам мәз болып, қолымды ұзақ сілкіледі.

-Ағылшын тілін үйрен. Өзге тілді толық меңгерсең, әдеби тынысың кеңиді,-деп тосын ақыл айтты. Шекспирді түпнұсқадан оқу мен аударма арқылы оқудың айырмашылықтарын дәлелдеп түсіндірді. Осыдан кейін ағылшын тілін меңгеруді қолға алдым.

* * *

Тағы бір жылды артқа қалдырып, уақыт көші жылжи берді. Бұл жыл да құтты, қайырлы болды. Көптен аңсаған үйіме қол жеткіздім. Қолыма пәтерімнің кілті тие сала, бірден ағама хабарластым. Шерияздан ағаммен бөліссем, шаттығым еселеніп кетері анық қой.

-Аға, сүйінші!-дедім алып-ұшып.

-Қалағаныңды ал!-деді дархан көңілді ағам.

-Үйлі болдым. Алақай, аға, мен енді пәтер жалдаушы емеспін!

-Бәрекелді! Пәтер жалдаушылардың тізімін бір отбасына қысқартқан екенсің. Сүйіншің дайын! Әй, жарайсың!-Ағамның қуанышты үні телефоннан емес, тура жанымнан шыққандай, саңқылдап кетті.Бар жүрегімен қуанатын, өзгенің жеткен жақсылығына өзінікіндей шаттанатын менің алтын ағам! Сіздің осы қуанышыңыздың өзі маған берген сүйіншіңіз ғой, жан ағам! Бірақ кейін бір барғанымда, ағам «үйіңе сүйіншім» деп өзінің бес томдық шығармалар жинағын сыйға ұсынды. Жеке кітапханам сүйікті жазушымның кітаптарымен тағы да толықты.

Тышқан жылының наурыз айының бас кезінде ағама жұмыс арасында бас сұқтым. Ұзақ әңгімелесе алмадым. Жұмысыма асығып кетіп қалдым.Кейін осы асығыстығым өмірлік өкінішіме айналды.

8 наурызда ағам сүйексіңді дәстүрі бойынша маған өзі қоңырау шалды.

-Бүгін сенің мейрамың. Көктем гүліндей жайнап жүр!-деді аса мейірімді дауыспен. –Мейрамға берілетін демалыс күндері шығармашылығыңды да ойла. Қаламыңды еш тастама. Мен баяғыда ұшақта келе жатып та, әңгіме, фельетон жазатынмын.

-Сіздей болу қайда?-дедім ойнақы үнмен.

-«Болмасаң да ұқсап бақ,»-деп ұлы Абай не үшін айтты дейсің?-Ағамның мына ұтымды жауабынан соң сөзден тосылдым. Жаңа дүние жазуға уәде берумен телефондағы әңгімеміз үзілді.

Наурыздың алғашқы онкүндігіне жетпей-ақ елімізде төтенше жағдай жарияланды. Адамзат коронавирус деген жұқпалы індеттің тұзағына түсті. Карантин жағдайында қалған қалада жүріс-тұрыс шектелді.Ағама деген сағынышым байыз таптырмай, әрі амандығын өз көзіммен көрмекке хабарластым. Шер-ағам, қайрат Шер-ағам үзілді-кесілді бас тартты.

-Келме, деді қамқор үнмен.-Карантиннің беті қайтсын. Кесапат тыйылар. Сонда жүздесеміз.

 Тәжтажалдың атынан қорқып жүріп сәуірді өткіздік. Мамырлап мамыр да жетті. Карантин талаптары сәл жұмсарғанмен, мүлде алынып тасталмады.Жан ағамды көруге тағы талпындым. Хабарласып рұқсат етуін өтіндім.

-Басыңды қауіпке тікпе! Мен карантин ережелерін қатаң сақтап үйде отырмын. Сен де сөйт.

-Аға, бәрібір барамын. Мына шектеулердің жойылар күні жақын емес сияқты.-Жас балаша қиғылық салуға көштім.

-Әй,-деді ағам өзімсіне ұрсып,-не айтайын деп едің келгенде?

-Сағындым, аға, өзіңізді. Сағынуға да болмай ма?-Менің бұл сөзіме ақылшы ағам рахаттана күлді. Күліп тұрып, келуіме тыйым салды.

Маусым келгенде, тәжтажалдың қыспағы тіптен тарыла түсті. Өлім деректері ел көлемінде көбейе берді. Сақтық шараларын күшейтіп, өзім де үй тұтқынына айналдым. Шілде туды. Қатаң карнтин енгізілді. Он жетінші шілдеде ағама телефон соқтым. Даусы шаршаңқы сезілді. Бойымды бір үрей билеп, қайта-қайта денсаулық жағдайын сұрадым. «Жақсымын» десе де, көңілімде қорқыныш бұлты үйіріліп тұрып алды.

Бұдан кейін белгісіздік дертіне тап болдым. Көңілімнен бір алаң кетпей қойды. Қайда, не істеп жүрсем де, ойым Шер-ағамда. Ешқашан ешкімді дәл бұлай басым кете уайымдап көрмеп едім. Бір күні жазушы, журналист Ертай Айғалиұлымен телефон арқылы тілдестім. Он үш жылдан бері тонның ішкі бауындай болып кеткен ұстазыма ішкі қаупімді жасырмай айттым.

-Жаманат хабар болса естір едік. Тыныштық қой. Бекер уайымдайсың,-деп Ертай аға да сабама түсірмек болды. 

Десе де көңілімдегі алай-дүлей белгісіз дауыл бір тыншымады. Түнде түсімде әлденелер аласапыран болады. Күндіз сөзімнен, ойымнан адасып қала беретін болдым. Ағамның үй телефонына да, қалта телефонына да күніне әлденеше рет қоңырау шадым. Тым-тырыс. Ақыры қалта телефондары өшіп тынды. 

Шілденің соңғы күні еді. Соңғы рет үй телефонына қоңырау соқтым. Егер тұтқаны ешкім алмаса, тездетіп үйіне бармаққа бекіндім. Бағыма орай, тұтқаны біреу алды.

-Ағажан, жаным ағам, амансыз ба?-дедім даусым тұншығып.

-Шерияздан аға жаңа ғана қайтыс болды,-деді телефондағы әйелдің даусы.

-Қалай? Қалайша?-Шоқ басып алғандай отырған орнымнан ыршып тұрдым.

-Коронавирус диагнозымен он күн ауруханада жатты. Екі бірдей қалта телефонын сонда жоғалтыпты. «Не де болса үйге келіп қисаяйын» деген ғой,-ар жақтағы әйелдің жылағаны естілді.

Жанымды ауыр тыныштық еңсеріп алды. Естіген сұмдығымның мәнін түсінгеннен кейін барып, алуан сезімдер құйынында қалдым. Алдымен кекірегімді өкініштің мысығы тырналады. Күйдіріп-жандырды. Сол соңғы рет сөйлескен он жетінші шілде күні неге бармадым?! Ағаммен жүздесіп, тым құрығанда көмегім тиер еді ғой. Өкініштің ащы уы мұнымен бітпеді. Асыл ағаммен төрт жыл бойы араласқанымда, ғибратты әңгімесін не жазып алмағанмын, не бейнетаспаға түсірмегенмін. Сағынғанда тыңдап отырар едім ғой.Неткен ақымақ едім? Ағам мәңгі жасайтындай көріппін ғой.

«Жоқ, қателесесің!»-деді ішімнен бір тылсым үн. «Шер-ағам мәңгі жасайды. Соңында сыбағалы әдеби, ғылыми, публицистикалық мұрасы бар тума талант мәңгілік өмірді сыйға алғаны ақиқат.Қазақ елі барда ұлт руханиятын байытқан Шерияздан Елеукенов өлмейді. Ол Мәңгілік Елімен бірге мәңгілік ғұмырын сүре береді!»

Жүрек үнім жұбаныш сыйласа да, көз жасымды тыя алмады.Бетімді жуған жасым айналайын ағамның мейірлене қараған сол келбетін қайтарар болса, тынбастан жылауға бармын. Әттең, ондай құдірет пендеге бұйырған ба?

Шер-аға, бұ дүниеден озған алғашқы аптада түсімнен шықпадыңыз. Емен-жарқын шүйіркелесіп отырамыз. Тура өңімдегідей. Бір түсімде бойыңыз сұңғақтанып, сәл толысқандай ажарлы қалыбыңызды байқадым. Туғандарының ортасына барып, аунап-қунап келген жандай жүзіңіз ерекше нұрға бөгіп тұрды. Асыл жарыңыз бен аяулы қызыңыздың жанына барып, бір жасап қалған боларсыз. Ағажан, мына дүниеде жүрегіне сағыныштан шемен байлаған, сізді түсінде көрсе, елесіңізді қуанышқа балаған бір қарындасыңыз барын ұмытпаңызшы...