Мен түркі едім ...

 


...Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңірісін табанына таптаған.
Мағжан Жұмабаев


Қатпарына көңілдің кек түнеді,
Көкірегіме қоңыр мұң екті нені?
Құлағыма түндерде талып жетед
Көк бөрінің Алтайда өксігені.

Өксігені... ол бәлкім, ұлығаны,
Көк тәңірге жеткенде мұңы-зары,
Түнекті өктеп кеткенде тағы даусы
Тағат таппай түн ұлы бұғынады.

Өксігінде өретін зарлы-мұңын,
Айғақ етіп тәңірге Арлылығын.
Түн баласы киесін бөрі баққан,
Түркі жұрты күтетін таң ғұмырын.

Мен түркі едім... Арайлы таңда туған,
Базынам да, байлығым Арға тұнған.
Кірпігімен күлгенде күн шығарып,
Қаһарланса шоқ шайнап, қан қақырған.

Өктемдікпен өткерген сан ғасырын,
Тек тәңірге шағатын арда сырын.
Дүбірімен жаһанды көктеп өткен
Едіге мен Еділдің жалғасымын.

Тәңір тектес танымас түркі ерін кім?
Болмысымды ерлікпен бүркедім мың.
Ұйықтап кетсем байқаусыз мазалайды
Мүлгіп кеткен киесі Күлтегіннің.

Тәңірінің түскенде көктен нұры,
Өзегінде өнетін өктемдігі.
Әлемді алам тағы да Атилланың – 
Аруағы шалықтап кеткен күні...