Сені күту – балға бұрыш қосқандай,

Күлім қағып, күндіз Айды тосқандай...

Сені күту – жалынға мұз салғандай,

Қамшыменен осқандай.

 

Сені күту – бұлттың соқыр көзіндей,

Қуанғандай ештеңені сезінбей.

Сені күту – жоққа қолды созғандай,

Торғай қонған гүлдің сынған кезіндей.

 

Сені күту суды құмға шашқандай,

Құбыжыққа есігіңді ашқандай.

Сені күту қарағандай айнаға,

Сосын тұра қашқандай.

 

Сені күту мұздан шырақ жаққандай,

Жалтыраған тұздан алқа таққандай.

Сені күту – жылап тұрып оңаша,

Күннің дәмін татқандай.

 

Сені күту – бір ғажайып өмірдей,

Көк аспанда тұратұғын төгілмей.

Сені күту – көлеңкемен соғысу,

Ешқашан да жеңілмей.

 

Сені күту – адасқандай ішіңде,

Не болмаса нан көргендей түсіңде.

Сені күту – аппақ тасқа айналу Күліп,

әлде жылап тұрған пішінде.

 

Сені күту – күтулердің қызығы,

Тілектің де ең әдемі, түзігі.

Күтем сені қара көзім талдырып,

Дүниенің біткенінше қызылы!

 

Күтем сені. Көзім өткір, сөзім шын.

Мұндай бақтан қалай адам безінсін.

Күтем сені, жан тағынан тайғанша.

Өйткені, сен – өзімсің!

 

***

 

Қап-қара түн көзі қызыл, тісі аппақ...

Жарығыңды шайнап жатыр ұсақтап.

Ұйқыға кет, тыныштыққа оранып,

Айдан түскен аш сәулені құшақтап...

 

Жерді ұмытып жапырағын жамылған,

Шерді ұмытып жастан алқа тағынған.

Ұйықтап кет дүниеден алыстап,

Желді ұмытып бағытынан жаңылған.

 

Сенде қалған – тегін қиял, тек тілек,

Содан кейін жауыр болған ет-жүрек.

Ұйқыға кет үмітіңді жастанып,

Терезеңді қара жаңбыр тепкілеп...

 

***

 

Салқын күзде салқын ойлар балалап,

Арман қашып бара жатыр ағалап.

Жылытатын сөз іздеймін сөреден,

Алыстағы үмітімді сағалап.

 

Бір күлімдей күлкің болса, лақтыршы,

Есігімнен бір қуаныш ап кірші!

Суықторғай секілденіп, бүрсиген

Жаман біреу болсам дағы жақтыршы...

 

Аяп мені, үзбей-ақ қой түк тамшы,

Қуандырып, арқамдағы жүкті алшы,

Тек әйтеуір мына салқын әлемнен

Құтқааршыы!