«Мыналар мені алдапты…»

Пастернак. Тек орыс я кеңес әдебиетінің ірі өкілі ғана емес, ол әлемнің ұлы ақындарының қатарына енген үлкен талант. Ақынға «Доктор Живаго» романы үшін Нобель сыйлығы беріледі. 1958 жылы. Күллі әлем жаңа романды таласып оқып жатқанда, қызыл қоғам аяулы ақынын қып-қызыл қып талауға кірісіп жатқан еді. Орыс тіліне бұл роман шықпаған болатын. Ақын амалсыздан романның қолжазбасын Италияға жіберіп, ол кейін 2 жылдың ішінде 24 тілге аударылып басылды. Тек орыс тілінде жоқ. Бірақ, өршеленіп алған қызыл иттер оған қарасын ба! «Оқығам жоқ, бірақ кінәлаймын!» («Не читал, но осуждаю!») деген сарказмға толы сөйлем сол кезден қалған. Тіпті, Анна Ахматова «роман ұнаған жоқ» деп сұрлана мәлімдей салған деседі. Несі бар, мүмкін бұл сөз оның дербес өз ойы шығар.
Нобель комитеті берген гонорар Пастернактың қолына тиген жоқ. Хрущевтің тапсырмасы бойынша қаламгер мен әр түрлі баспалар арасында жасалған келісім-шарттар бұзылып, ақынға бір тиын да ақша берілмейтін болды. Ал, құтырып алған жазушылар қоғамы: Пастернак өтірік кедейленеді, ол сыйақыға 1млн. доллар алды деп өнешін жыртып айқайлап жатты. Әрі көрініп қалғысы келгеннен, әрі қызғаныштан әрине. Пастернактың жағдайын жақсы білетін жақындары ғана ақынға қолынан келген көмегін аямаған. Сол кездегі юбкадағы «еркек-министр» Фурцева тіпті сорақы дүние жасады. Ол Пастернакқа Нобель комитетіне хат жаздырып, шетелден тиісті ақшасын алдырып, оны мемлекеттік аты ұзын бір қорға құйдырады. Міне саған қорлық! Міне саған заманнан алған соққы мен тепкі! Өл, Ақын, өл! Ол жалғыз қалған. Көшеге шыға алмайды. Өйткені көшеде қозып алған сынап-мінегіш замандас ағайын толып жүр. Бәрінен айырылған. Кедейліктің көгерген исі қолқаны қабады. Ал, мына жақта әлемдік атақ-абырой. Бәрі ақынды қолдап хат жазып жатыр. Хемингуэй, Моэм, Камю. Тіпті, Үндістанның Премьер-Министрі Хрущевке телефондайды. Алайда, көкбет Кремль селт етпеді.
Мұртты грузин өлгелі заман да, адам да жұмсарған сияқты еді. Иә, Хрущевтің «жылымық кезеңінде» ату-асу, түрмеде шіріту болмады. Бірақ, орнына аштан қалдырып қинау және ең ауыры кісінің жүйкесін титықтатып өлтіру әдісі қолданды. Большевиктік билік өз табиғатын ешқашан өзгертпейтінін көрсетті. Сталиндік зұлматтан аман шыққан Пастернак Хрущевтің жүйкені шүйкелеу дәуіріне шыдас бермей, көп ұзамай көз жұмды. «Жеңіске жеткен» Хрущев енді оның шәкірттері Вознесенский, Евтушенко, Бродскийлермен алыса бастады. «Елден қуам, көзіңді жоям!» деп мінберді тоқпақтады. Брежнев тақтан тайдырып жібермегенде, бұл ноқай ары қарай тағы не шығарарын Құдай біледі…
Кейін сол Хрущев деген қарағым: Мен «Доктор Живагоны» оқыдым. Ешқандай да теріс дүние емес екен ғой. Мыналар мені алдапты, қап! — депті. Өлген ақын өлді, енді қылышыңды боққа шап! Нақұрыс.

Сергей Есенин туралы бірер сөз

Сергей Есенин туралы бірер сөз. Өткенде Пушкиннің заманы туралы және ол заманның ұлы шайырмен қалай ойнағаны туралы жазғанбыз. Парақшамызда сақтаулы.
Сергей Есенин 1925 жылы «асылып өлді». Ол да Пушкин сықылды Петерборда жалғанмен қоштасқан болатын. Ақынның қазасынан кейін 3 жыл өткен соң, драматург Николай Эрдман «Өзін-өзі өлтіруші» («Самоубийца») атты комедия жазады. Сол комедияның ішіндегі Подсекальников деген кейіпкер күндердің күнінде, қайдан шықса одан шықсын деп Кремльге телефон шалады ғой. Тұтқаның арғы жағында кім тұрғанын ол қайдан білсін, ең бастысы шерін тарқатуы керек. Сондағы айтқаны: «Мен Марксты оқыдым. Ол маған түк те ұнаған жоқ. Және бір өтінішім бар еді. Өміріміз өте қиын. Сол туралы айтуымызға рұқсат беріңіздерші. Сыбырлап айтсақ та жетіп жатыр. Тек сөйлеуге рұқсат беріңіздерші!» — депті.
Сталин комедияны көріпті де, сол күні бұл қойылымға тыйым салыпты. Кейінірек мұртты қанішер көсем Есениннің шығармашылығына да табу қойған. Алайда, тыйым салынып, «есеновщина» деп жарияланған ақынның өлеңдерін Сталиннің концлагерьлерінде жұрт жатқа айтатын болған. Тіпті, сол кезде қоғам Сталинге деген қарсылығын Есенин туралы айту, Есениннің өлеңдерін оқу арқылы білдірген дейді. Әрине, Есениннің өлеңдерінде Сталиннің нақты бейнесі жоқ. Бірақ Есенинді оқып тұрған адамның неге мұндай әрекетке барып тұрғанын замандастарының барлығы жақсы түсінетін болған. Айтпақшы Сталин Есенинлі, Пастернакты және Маяковскийді жеке-жеке қаьылдап грузин ақындарын аудару жөнінде ақылдасыпты. Сталин қанша тырысса да Есенинді халық жадынан өшіріп, ақыры өлтіре алған жоқ. Бірақ, Есениннің Юрий атты ұлын маған қастандық жасады деп атып тастайды. Ал, Ахматова Есенин қайтқанда оның өлімін Пушкиннің өлімімен қатар қояды.
Өлер алдында ішіп алған Есенин әр бұрышта: «Бей коммунистов! Спасай Россию!» — деп айқайлап жүрген деседі.

Пушкинді қорлау

qasymkz-adebiettegi-adiletsizdik-3

Пушкин патша сарайында камер-юнкер қызметін атқарғанын білетін шығарсыздар. Бұл лауазым иесі патша сарайында алуан түрлі салтанатты рәсімдерде кісі қарасын көбейтіп, өзіне тиесілі ғана іс-қимылды жасауға міндетті болған. Қызметі әрі қарай өспейді. Сол кеткені кеткен. Сондықтан ғой Пушкиннің қызметтен кетуге өтініш беріп жүргені. Оған патшакең ренжіпті дейді. Қысқасы, алатын айлығы орташа, билік құрылымында еш ықпалы жоқ бұл қызметке Пушкин 34 жасында тағайындалыпты. Юнкер деп аты айтып тұрғандай бұл шенге негізі 20-25 жасар жас офицерлер, турасын айтқанда дворян тұқымынан шыққан шолжаңбай бозбалалар шақырылатын. Айдаудан оралған Пушкинді орыс патшасы осындай «жеңілтек» қызметке лайық деп тауып, өзі бұдан былай ақын өлеңдеріне цензор боламын деп мәлімдейді. Петербордағы қызықты, дулы-шулы өмірден алыс, достарынан жырақ, түңілуге шақ қалған Пушкин Николай І патша ақынды кешіріпті, енді жеке қабылдайды дегенді естігенде «бағым енді ашылды!» деп қуанғаны сөзсіз. Ол Ресейдің өркендеу жолына Карамзин құсап ғұмырымды арнаймын, патшаға қолымнан келген көмегімді аямаспын, білгенімді ақыл-кеңес ретінде ұсынып отырам, шығармашылығым және қызметім арқылы халқымды ағарту жолына шақырам, сол арқылы Отанға қалтқысыз қызмет етем деп лапылдап, бұйра айдарынан жел есіп Петерборға келе жатты.
Ол Ресейде ақынның қоғамдағы рөлі мен орнын жақсы білетін. Билік басына дені дұрыс адам келіпті деп жол бойы Құдайға шүкір айтумен болды. Петерборға келісімен кеудесін кернеген әлгіндей тегеурінді сезімдердің қуатымен патша ағзамның алдына барды. Патшаның қабылдау бөлмесіне қалықтап кірген гений ақынымыз жас бозбалалар киетін камер-юнкер формасының иесі болды да қалды. Болды.
Тәңірден бриллиант талантты алған Пушкин! Орыстың әдеби тілін байытқан ғаламат ақын! Орыс жанының білгірі, терең білімнің және биік ілімнің иесі ПУШКИН! Және ол ендігәрі камер-юнкер қызметінде! Қандай қорлық һәм нендей парадокс!
Ең қызығы, бұл қызметті атқаратын адам Петербордағы күнара болатын әр түрлі жиын-балдарға баруға тиіс болған. Ондай жиындарға бару/бармауынан оның қоғамдағы орны мен деңгейі анықталатын. Қандай күлкілі қоғамдық пікір десеңші! Қандай жалғаса беретін ұқсастық! Ал, ондай бал-томалақтарға әйелін ертіп бару дегеніңіз — жатқан шығын. Жаңа киімдер, мүшелік жарна дегендей, толып жатқан қажетсіз ақша шашу. Кітабы шықпайды, гонорар жоқ. Өйткені мәртебелі цензордың ұлық бағасы берілмей жатыр. Айлық пәтер жалдау мен өмір жалғауға кетіп жатыр. Осындай иірімге бар жан-тәнімен кірген ақында не қауқар қалады дейсіз. Қарыз. Өсек-аян. Интригалар. Дуэль. Өлім.
Абырой болғанда, осындай берекесіз өмір мен қайғылы оқиғаға дейін Пушкин нағыз шығармашылық күйде болып, өзінің негізгі дүниелерін жазып тастаған. Ол тарихта қалды. Оған цензор болам деп өкіреңдеген патша да ақынның арқасында тарихта қалды. Әйтпесе, ешқандай жаңалығы я реформасы жоқ мұндай пәлен патша кімнің есінде қалады дейсіз!? Министр, губернатор, кәкір-шүкір бастықсымақтарды былай қойғанда. Патша қайткенмен де патша ғой, ол әйтеуір ел тарихы жазылған кітаптың жарты бетінде орын алуы мүмкін, ал, әлгі шуылдақ шараларда ақынға менсінбей қарап, желпуішпен қып-қызыл май беттеріне салқын ауа шақырған кердеңбайлар ше?! Ақын жағдайы жоқ, өмір сүруге әрі қарай амалы да дәрмені де қалмаған кезде оны мүсіркеп, айтқан сөзіне күліп, дүниенің мәңгілік билеушісіндей шәлтірең-шәлтірең еткен бай-шонжар дворяндар ше?! Пушкин елдің сөзін сөйлегенде, «ақымақ неме, тиыш отырмай ма, болмаса тақпағын жазып жүре бермей ме!» деп сампылдаған әлгі дворяндар мен қызылбет байлардың қатындары ше, олардың он екі емес-ау, бір нұсқасы қалды ма екен мына жалғанда?! Өй, кім біледі оларды қазір! Ал, Пушкин тірі, өйткені ол да Абай секілді ақиқаттың сөзін айтты. Ақиқат — мәңгілік қой. Ол өлмейді.