Yazdır
Üst Kategori: Kardeş Edebiyatlar
Kategori: Kazak Edebiyatı
Gösterim: 626
(Серік Қалешұлына ағалық құрметпен!)
 
     Күн шаттанып дөңгеленген.
    Мамырдың майда самалы айналаңда үйіріледі. Бір-бірінен аумай қалған шатырлы қос үй, аулақтау қонған қора-қопсы, қозыкөш жерден қарауытқан егістік алаңы майда самалмен жеткен мейірімге тоймай жатты. Қабырғасын санап алғандай қара қаншық итаяқтағы жуындыны қауып ішіп, жұғындысын тіл жүгіртіп жалағыштайды. Әлдене дәметкен ашкөз қарға итаяқтан екі-үш аттам жерде әрлі-берлі қаздаң қағады. Қарқылдаған сайын қара қаншық аларып, желке жүнін көтереді. Қора жақтан сиыр мөңірейді. Бірі - бастап, бірі — қостап үдете түседі.
      Үйдің сыртқы есігі сықырлай ашылып, өзегін жел кернеген қурайдай қатып-семген қара шал шыққан. ЬІшқырын бүріп ұстап, жан-жағына алақ-жұлақ қарап алды да: — Арыз жазам, арыз! - дейді әлдекім естіп қалатындай сыбырлап.
Үйінен шыққан бетте айыбы асқынып, шеткері қорада қамаулы тұрған жалғыз бұқаға беттейтін. Сояудай сабанды сыпырып-сиырып, алдына көк балауса құрақты тастайды. Аузына су тосып, саржамбас болмасын деп астын тазалайды. Әншейінде шаңырақ мүйізін шайқап жын буып тұратын бұқа да мұны көрсе біртүрлі жуасып сала береді. Сулы тұмсығымен сүйкеніп, көзі тұманданады. Әттең, тіл жоқ...
—  Қасқа бұқа, — дейді өзегін жел кернеген қурайдай қатып-семген қара шал жануардың әукесін сипап: — Кел, қосылып ән айтайықшы. Ішім толып кетті. Шерленіп өлерміз... Ал, шырқайық.
—  Бұл күнде сенде
            жетім о-оу, мен де жетім,
      Қосылып екі жетім...

Өңкілдеп жылаған қара шал бұқаның шаңырақтай мүйізіне сүйене кетеді...
—  Ата, қойыңызшы!
— Бұқасы құрысын! Үйге жүріңіз, — деп қора есігінен енген үйелмелі-сүйелмелі келіндері Алма мен Мәрзия жыламсырайды.
—   Қаралай қор болғанын қарашы!
Иә, қара шал о баста қор боп тумаған. Шарпып тұрған қайраты бар шағында қай қияға өрлемеді? Жасы ілінбей жүріп ақыры соғыстың соңғы сойқанына да қатысты.
—   Аруаққа сиынып андағайлап шаптым. Мені көрген фашистер: — Ахтунг, Аңшыбай келе жатыр! Ойбай, ахтунг! — деп бықпырт тигендей боп жататын, деп оралды. Рас-өтірігін кім білсін. Өңірінде жарқыраған жалғыз медалі бар. Соны сипалай береді. Жастықтың өзі — жарты мас қой.
Жаналқымға келгенде байғұстар үстерінен сыпырып тастай қашты ма, әйтеуір аяғына неміс солдатының керзі етігін, үстіне иінін жылтыратып офицерінің мауыты шинелін киіп келген. Құрдастарда дауа бар ма, жатпай-тұрмай күлкі қылған.
— Өй, бұл орманда өліп жатқандарын тонапты.
—  Ине-жіптен шыққандай ғып киіндіріп жіберетін Аңшыбай олардың құдасы ма еді? — деп. Жә...
Қайтып кеп колхоздың майлық-сулығына да иығын тосты. Бақша егіп, басынан асыра сілтеп кетпен де шапты. Қолына құрық ұстап, құйрығын теуіп ойнаған өңшең қылқұйрықтыны да айқаймен қайырды. Табын-табын сиыр да өргізді. Қатарынан оза шауып, төлді көп алған жылы Кремльді де көрді.
— Хрущев қолымды қысып тұрып «Аңшеке, соғыста салған сүреңіңді білемін. Пай-пай, бейбіт еңбектің де берекесін тапқан екенсің! Жарайсың, ерім! Мә, ендеше», — деп қалтасын қопарған. Әттең, алтын жұлдызы алақанына ілінбеді. Көңілшек жан ғой, делегаттарға уыстап шашып үлестіріп тауысыпты, — деп баланың жаялығындай мақтау қағазын ұстап келген. Қиқулап өткен қайран дәурен десеңші!
—  Ата, жүріңізші енді! Жыламаңызшы... Жаңабай мен Балабай қайда жүр? — деп екі келін бұқаны құшақтап сабан үстіне құлаған аталарын қолтықтап жатты...
     Түскі астан соң үй көлеңкесіне құйрық төсеген ағалы-інілі Жаңабай мен Балабайдың да көз алдынан көп көрініс қашады. Бел асып безген бедеудей еткен күннің елесі-дағы...
    Сөйткен кеңшар тарап, жекешелендірудің желеуімен мал-мүлік пышақ үстінде бөліске түсті. «Баяғыда бір байдың жұртына екі тышқан таласыпты» деп басталатын ертегі барды. Аумай-төкпей соның кебі келді.
Тек топырлаған тышқан көбейген. Жылтың қағып есіктен де, тесіктен де тасып әкетеді. Мал бақтық, құрылыс салдық деп бұлар да алақандарын айқара жайған. Қайдан! Тек ши қасықпен ғана тамызды. Екеуіне тигені жиырма-отыз уақ жандық пен оншақты ірі-қара. Өлген шеше, зейнетақыға қамалған әкенің еңбегі — еш, тұзы — сор. Алладан қайтар, адамнан дәм етпесін деген сыңайлы.
— Таң алды түс көріп ояндым. Зәулім сарайдың іргесі сетінеп, үстіме құлады. Жаншылып қалдым, — деп әкесі бірде орнынан өңі қашып тұрған. Айналасын жаудай тонаған талан-таражды көтере алмады, шамасы. Содан ерте көктемде есірік меңдеген.
—  Өңшең жауыз! — деп әлдекімге шабынған. - Кеңшарды қайтар! Малды түгенде. Арыз жазам, арыз!
Бұлар қолдағы азын-аулақ малдан да береке таппады. Ұлдарын үйлендірген, енші берген. Қыздары байға тиген, үкілеп ұзатқан. Жалаң қағып жүгенін колға ұстады. Екі шаңыраққа ортағы жалғыз қасқа бұқа. Оның да малға сандығы жоқ. Айналаны азан ғып өкіріп-бақырып, көрші ауылға қаңғып кетеді...
Қуалап кеткен қысыр ойды қара қаншықтың шәңкілдеген даусы үзеді. Қаздандаған қарғадан итаяғын қызғанып ерсілі-қарсылы шабады.
—  Кой, қораға барайын. — деп шіли жоқ іздегендейтоңқаңдап жүретін, тұқшиып тұратын Жаңабай жарты уыс сақалын саумалапорнынан көтерілді.
—  Ендеше, мен егістікке кеттім, — деп қой көзді, қоңырқай жүзді Балабай әдетінше сыңар езулеп күліп, сұйық мұртын сылайды.
      Отырған жерде төгіліп қалса, ойдың несі ой? Ол да ерулі аттай өзіңмен бүйірлесе кетеді ғой...
 
* * *
 
Аспан астында күміс жонын жылтыратып алып айдаһар оянған.
Тас тұғырын теуіп ұшқан ақ бауыр қара бүркіт қанатын жайған.
 
* * *
...Сөйтіп, таңғы асты Тәңірге тапсырып, ауру әке, әулекі бұқаның амандығын тілеп отырғанда, қорған асып қытай келген. Үпір-шүпір боп машинадан төгіліп түсе қалысты. Түлкінің баласындай бірі жылмаң қағып Су Юн деп қол берген. Топ басшысы екен. Қасында ақ манардай боп қазақ қызы жүр. Әлгінің лебізін жерге түсірмей қағып алып бұларға жеткізеді.
Су Юн алдымен ауыл сыртындағы кең алқапқа көз тікті. Тыпыр қағып аралады. Талай жылдан бері түрен тимей тусырап жатқан қара барқын топырақты уыстап иіскеді. Тіл жүгіртіп жалады. Көзі күлмеңдеп, бас бармағын көтерді.
—   Еміренуін қарашы. Сағынып келген-ау, шамасы, — деді Балабай әдетінше сыңарезулеп күліп, сұйық мұртын сылап.
—   Тыныш тұр. Үркітіп аларсың, — деген Жаңабай сыбырлап, әлгінің жанында тоңқаң қағып, тұқшиып тұрып. — Жаламақ тұрмақ, жеп қойса да не шаруаң бар.
Ақыры Су Юнның қолтығына тұмсығын тығып тұрған ақ манардай қыз тілге келді.
—  Су Юн мырза сіздерге былай, деді. Мына жер құнарлы екен, күнбағыс егем, дейді. Бірақ биылша тәжірибе үшін аз мөлшерде, дейді. Сапалы өнім берсе, келесі жылы көп егем, сұйық май, малдың жемін шығаратын зауыт қоям, дейді. Сөйтіп, Қазақстанға көмектесем, дейді.
—   Бізден рұхсат! — деді бұлар жалма-жан қосажарланып.
Әлгі ақ манардай қызы түскір сықылық атады. - Ой, әуре болмаңыздар! Сіздердің рұхсаттарыңыз керек емес. Ол — алынған. Су Юн мырза сіздерді жалдап алғысы келеді. Қарауыл болсын. Торғай үркітсін, дейді. Еңбекақысы бес жүз доллар, дейді.
      Жаңабай алақанына былш еткізіп түкіріп жіберген...
      Баяғы бала кезінде көктем жылт етіп, көкек шақырса бітті, ауылға есегін тепеңдетіп өзбек шал келетін. Жәй келмейді, жорға шалыс кішкене жануарға алты қанар шемішке теңдеп алған. Содан қара күзге дейін ауылдағы шағын дүкеннің алдын берсеші. Балашаға у да шу. Баданадай-баданадай қара шемішкенің базары қызады.
—  Әңгіме айтқызады, ермек, — деп қыз-келіншек әуес.
—  Уақыт өлтіруге жақсы, –  десіп жігіт-желең құмар.
— Ой, аузы-басын қисаңдатып, өңшең... Бұлар не тоймайтын, не қоймайтын нәрсеге жүгіреді, — десіп ауылдың кәрі-құртаңы кіржіңдесіп қалатын.
—  Көлеңкеге құйрығын көміп отырып... Ала шаңның астында жүріп біз таппаған ақшаны осы орын әкетеді, — дейтін трактордың дырылынан зәрезап нағашы ағасы кеңшардың түге-сілмес шаруасынан түңілген сәтінде. — Келесі жылы күнбағыс егіп өзбек боп кетпесем, көр де тұр!..
      Содан жыл құсымен таласып оншақты қытай келген. Келе итарқа лашық құрып алды. Құйттай тракторларын селкілдетіп жүріп жер жыртты.
     Дән сіңірді. Іргедегі өзеннен лақылдатып су айдады. Қалтан-құлтан етіп құрақтай майысып мігір тапса-ше. Кешқұрым лапылдатып от жағып қазан көтереді. Мүшелеп сойған малы жоқ. Бұлар не асып жүр, деп байқаса, дастарханы толы өзеннен сүзіп алған бақа-шаян. Күтірлетіп кеп шайнайды. Көк шайды сылқылдатып соңынан айдайды.
Жаңабай көрген-баққанын айтып кеп: — Үй үстіне келген мейман. Қонақасы беріп жібермесек ұят-дағы. Бір шәйнек шәйға жарамады деп кетер. Құрт-құмырсқа теріп жеп, бұралып жүрген сыңайлы, — деген.
—  Қасқа бұқаны сояйық. Шекесін алдарына қояйық. Ағайын татырмаған ақшаны бір етек ғып осы атасы басқалардан алып отырмыз. Өзіміз де қызылсырап біттік. Қалғанын Құдай жеткізер, — деп Балабай пысып сала берді. — Пышақ, қайрақ қайда? Давай, екі қатын аяқ-табағын әзірлесін.
Қолына имек бас құманын ұстап далаға беттеген әкесі әңгіменің ау-жайын байқапты. Зілдей құманын сілтеп кеп жіберіп, зікір салған бақсыдай селкілдеп кетті.
—  Қасқа бұқаны дейсіңдер, а?! Еті тамақтарыңа көлденең тұрып қалар. Онан да жіліктеп мені сойыңдар. Азып туған ит! Ол кешегі кеңшардан қалған жалғыз көз. Соны неге білмейсіңдер. Арыз жазам, арыз!
—  Осы шалдың ауыратыны өтірік.
—  Көрдің бе, көрші бөлмеде жатып алып сөз аңдуын, — десіп, жас ет ернімізге тие ме деп дәмеленіп отырған екі келін күбірлесіп, күңкілдеп басылды.
     Құйқалы топыраққа сіңген дән көп жатпады. Күншуақ құлақтарынан тартып суырып шығарды. Сол-ақ екен, қалтаң-құлтаң етіп құрақтай майысып жүрген қытайлар жылыстап жоғалды. Артынша қаладан әлгі ақ манардай қыз келген. Желмен тербеліп тұрған жас өскінді көзімен аялап әрлі-берлі шолып өтті. Ерін ұшымен әлденені есептеді.
—  Мал түспесін. Тамырын қоңыз кеміріп кетпесін. Тыңайтқышты ұрламаңдар. Дұрыстап себіңдер, - деді сосын ыздиып тұрып.
—  Әлгі иесі қара қытай қашан келеді? — десін мына сөз өкпесіне өтіп кеткен Жаңабай.
—  Су Юн мырза де. Онда не шаруаң бар?
—  Шаруам жоқ. Тек амандығын білейін дегем.
—  Ол күнбағыс жинарда келеді. Қалғанына жауапты өзім.
—  Сіз осындағы уәкілісіз бе?
—   Әйелімін!
     Жаңабай жарты уыс сақалын саумалап, басын шөп жұлған аттай кегжең еткізді. Әй, бәсе, алғаш келгенде қолтығына тұмсығын тығып тұрысы бөтен еді-ау!
—  И, айналайын, Сүйінжан өзіміздің күйеу бала екен ғой.
—  Иіліп-бүгілген ибасына не берерсің? Бақытты болыңдар, - деп Алма мен Мәрзия ұлардай шулап қоя берді.
Ақ манардай қыз селт еткен жоқ. Жеңіл көліктің артқы орындығына көміліп кете барды.
Араға ай салып қара жолдың шаңын шүйкедей созып екі-үш «Джип» тағы да сау ете түссін. Американдықтар екен. Жатжұрттықтардан нәпақа айырып дәнігіп қалған екі ағайынды бұ жолы алдарынан арсалаңдап шықты.
— Майкл! — деді топ бастаушысы қолын ұсынып. Кекірейіп қалған кербез. Серейіп тұра қалғанда көлеңкесінің өзі алты адым жерде жатты.
— Қош келдіңіздер, - десті Жаңабай мен Балабай басын қатар иіп, — Қазақтың дархан даласына!
      Асықпай алшаң басып кешегі кеңшардан қалған қора-қопсыны қарасты. Іргедегі өзенге көз тікті. Мал тісі тимей аттың үзеңгісін қағар қалындықты кезді. Өзара күбірлесті, сыбырласты. Ақыры бәтуа басын түйсе керек.
— Майкл мырза былай дейді, — деді де ақыры қожайынының кеңқұшағында жұтылып, басы ғанақылтиыптұрған қара торы, қыр мұрындыәдемі қызтәттілеп сөйлеп. — Әзіргеқазақы жүз бас сиыр сатып аламын. Бақтырамын. Осы жер ұнады дейді. Сосын Америкадан самолетпен он ангус бұқасын әкелем дейді. Олардыжүз сиырға үйлендірем дейді. Одан туған ұрпақ ыстық пен суыққа төзімді болады дейді. Сиырды бақсын. Сіздерді жалдап алам, дейді.
—  Қашан да әзірміз!
— Әп, бәрекелді, қаладағылар да тісінің суын сорып әзер отыр. Бұйырса ет пен сүтке қарқ боламыз. Бағамыз, ойбай, қағамыз, — десіп Жаңабай мен Балабай елпілдеп естері шықты.
– Ендеше, сиырларды үш күнде жеткіземіз. Артынша Вашингтон аэропортынан ангус бұқалары да самолетке мінеді, — деп Майкл көңілденіп қоштасты. Машинаға аяқ арта беріп тамағы кенеген.
–  Жәрекім-алла, — деп салды екі ағайынды жарысып.
—  Менің күйеуім аздап жөтеліп жатыр, — деді қара торы, қыр мұрынды әдемі қыз миығынан күліп. — Түшкірген жоқ.
– Е, Майклжан өзіміз екен ғой. Қыдырып қайын жұртқа келген екен ғой.
–  Қайдан білейік. Кешір мырзам!

* * *
    Үзілмеген ұзақ ұйқы айдаһардың бойын марғау тарттырып, мең-зең етіп тастапты. Сол қалпы алақандай көзін аударып-төңкерген. Сүйір тілін көмейден сумаң етіп шығарып баяу ысқырған. Аш қарынға азық болмас бір түп жусан жапырыла жығылып, қайта бас көтерген шөп түбін паналап, шөкиіп отырған жорға торғай пыр етіп аспанға кесектей атылған.
   Ақ бауыр қара бүркіт қайқаң етіп көкке қалықтап шығысымен екі керегені еркін керген. Күн көзін кәдімгідей көлегейледі. Еттің тәтті сөлі таңдайына құйылып, жеген сайын жемсауы түскір жаңа жемтікті аңсайды. Қара жердің бетінде қыбырлағанның бәріне қанды көзін тігіп, қаһарын шашты. Алқынып алға ұмтылды.
 
* * *
  Жолаушылар аттанып кетісімен бұ жолы Алма мен Мәрзияның талақтары тарс айрылсын.
–  Қалбаң қағып не көрінді соншама? Аштан өлмеспіз!
– Жүзіқаралар қашан байға тиіп үлгеріп жүр. Жүзік көзінен өтіп жылмаңдауын. Кілең салдақы!
– Дыбысыңды шығарма! Жайған қолға қарға тышпай отырғанда... Батпан құйрық десеңші, - деп шіли жоқ іздегендей тоңқаңдап жүретін, тұқшиып тұратын Жаңабай еңсесін тіктеп, әйеліне осы сені ме, дегендей ежірейе қарады.
– Кімді аяп отырсың? Барсын. Жүгіріп тисін. Солар емес пе, өңшең байды есігіміздің алдына дейін жетектеп алып келіп жүрген, - деп Балабайдың сұйық мұратының сұрақы қашып келіншегіне сұрланды. Қоңырқай жүзі қабарып, сыңарезулеп кетті.
     Артынша ағайынды екеуі айыр, күрекке жармасып кеңшардың иесіз жатқан жайдақ қорасын, зәулім бітеуін сабаннан арылтты. Не дегенмен негізі мықты емес пе, ұсақ-түйек тесігін бітеп, шалқалап жатқан қақпасына топса бекіткенде кәдімгідей дөңгеленіп шыға келді. Сабанды сиырып, күбірді күреп алып аулаққа апарып өртеді.
—  Ертең-ақ теңеліп кетерміз. Жұрт мұндай жұмысты ақы беріп сұрап таба алмай жүр.
—  Күнбағыс тамыр тартып, бой алып кетті. Енді салмағы аз. Торғай қонса мылтық бар. Үркітеміз... Қораны әзір етейік.       Өзіміздің сиырларды қойшы. Әлгі шетелдің бұқаларынанұят-дағы, –  десіп зыр жүгіріп ентіктерін басар емес.
Күткен сиырлары да көп зарықтырмады. Осы қалайы жоқ өңшең ақбас құнажын. Келе іргедегі аттың үзеңгісін қағар қалыңдыққа бас қойды. Ауыл аралап қаңғып кеткен қасқа бұқа дереу қудырылып алынып, биік те бөлек қораға қамалды. Кеңшар кезінде бір өзі бір табын сиырды жеке-дара иеленіп қалған аусыл неме өңкей күйітті құнажынды көрген сайын сойқанып бітеді. Қораға сыймай өкіріп-бақырып, топырақ шашып, жарды сүзгілейді. Көкке тойынып, жүні жылтыраған құнажыны құрғыр да бұқа тұрған қораға әуес. Айналсоқтап тіпті қайыру бермей бұлтақтап қашып, жіңішке үн салып мөңірейді. Мамырдың майда шуағы арқасын қыздырып, көзіне от ұрынып тұрған немеге не жорық? Еркіндік алса есерсоқтың ойына не түспейді дейсің? Әр құнажынды аулаққа қуалап құйрығын иіскеп мұрнын шүйірер, шүйірер де екі аяғын аспанға атар... Одан кейін салған ойбайыңнан не қайыр?
— Жергілікті жердің еркек танасы қораның қарасын көрмесін. Нәсілі азған. Тұқымды бұзады. Ондай құқық тек мұхит асып келгендерге ғана беріледі, - деп Майкл ежіктеп кеткен. Әлгі әрқайсысының азан шақырып қойған аты бар, су жаңа пашпұрт иеленген асыл тектілер аэропорттан түсіп «Мөө» дегенде алдарынан өңшең ауыл бұқасының алдын көрген құнажын шықса?.. Жердің тесігі таптырмас. Төніп тұрған қауіптен құтылудың жолын ойлаған Жаңабай мен Балабай енді пішіп тастауға бекінді. Ебін тауып енін сылып алған соң не қайран қылар?! Ұмасы уыстай боп сиырлардың ішіне сіңіп жоғалар. Қырсық шал екі ұлының емеуірінін тағы да сезіп қалыпты. Тіпті есірік меңдеп: — Одан да мені пішіңдер. Сонда мұраттарыңа жетесіңдер. Арыз жазам, арыз! — деп екіленіп кетті. Тіпті бұқаны өріске босатқысы кеп бұрыш-бұрыштан сығалап бұларды аңдыды. Бұлар да жатпай-тұрмай әкелерін бағып жасырынбақ ойнап жүргенде, алыстан жолға түскен жорғалай жүйткіп жеңіл көліктің де қарасы көрінді- ау.
      Еңіске батып-шыққан сайын аппақ «Джип»-тің күн сүйген сауыры жылтырайды. Соңынан өнкиген екі үлкен машина жетектесіп отыр.
—     Ал, келді, — деп қора басында жүрген Балабай талтақтап шауып құрығына жармасты.
—     Ойбай, қолыңдағы не пәлең?
—     Таста! Олар біздің малдай емес.
—     Пашпұрттары бар, кәдімгі адам сияқты, — деп ағасы мен екі абысын бажылдап қоя берсін.
—     Енді не істейміз? Онда бұқаларға ағылшынша амандасайық.
—     Осы сенің тызақтаған мінезің-ай, — деп Жаңабай жарты уыс сақалын жаңа көргендей саумалай берді.
Аппақ «Джип»-тен домалана түскен қара торы, қыр мұрынды әдемі қыз алдынан селтиіп шыққан бұларға ерін ұшынан ғана енші берді. Күйеу бала жоқ, орнында шоқиып шәугім бас, барақ жүнді ит отыр.
—  Так, — деді қорадағы құнажындарға көз салып өткен соң, Майклмен бірге келгенде тәттілеп сөйлеген қыз. —Ангус деген аса қымбат бұқа!
—   Зекетің кетейін,— деп қалды Балабай ықыласын кімге арнағаны белгісіз.
—   Тұра тұрыңыз, — деген қыз қабағын сәл кірбің шалып. –  Бұлардың асылдығы сондай, мойны жерге жетпейді. Әзірге шөпті шауып әкеліп ауыздарына тосасыңдар. Суды да солай ішеді. Күн сайын үстін ақ көбік ғып сабындап жуасыңдар. Келешекте Майкл мырза осы жерге сүт-ет өндіретін үлкен фирма құрады.
     Осы сәтте өңкиген екі үлкен машина да жетектесіп кеп ентігін басты. Терісі түйенің мойнағындай қалың, сырт жүні қызыл күрең өңшең топал алыпты көргенде бұлардың қарашығы жан-жаққа маңып кетті. Тіпті алғашқыда жасанды робот екен деп қалған. Жо-жоқ, мөңірейді-ай! Топал басын бұлғақтатып шайқайды-ай! Демек, бұл да сиыр болғаны ғой.
—  Санап алыңыз. Тура он. Анау қағаз қаптағылар жемге қосатын витамин.
—  Болашақта бұларды қолдағы жүз құнажынға үйлендіреміз ғой, — деп қалды Балабай әдемі қыздың алғаш келгендегі сөз мәнеріне салып.
—  Иә! Жаңа некеден жақсы ұрпақ тарайды. Ғылым дәлелдеген. Мынау — паспорттары. Анау — денсаулықтары жайлы құжаттар. Әзірше аттары ағылшынша. Кейін еркелетіп қазақша қоюларыңызға рұхсат!
—   Құба-құп!
—  Айтпақшы, –  деді әдемі қыз шәугім бас, барақ жүнді итті машинадан секіртіп түсіріп жатып. — Бұл — малсақ тұқым. Есімі — Джон. Үйрене берсін деп жіберді. Бұған да бап, арнайы күтім керек. Тамағын тиеп әкелдік. Тездетіп түсіріп алыңдар. Майкл бір айдан соң оралады.
— Қуаныштымыз.
— Онда хош!
      Аппақ «Джип» ала шаң қауып қалған артындағыларды аң-таң ғып айдау жолға түскен...
Күнбағыс біткеннің сабағы қатайып, әрбірі алақандай бас байлап ажарланған. Ілкіде табанына су тамызсаң қаулап өсетін қамыстай көрінген. Бақса оның да топырағын қопсытып, түптеу керек екен. Апта аралатса бой бермей кететін арамшөппен тартысасың. Нәлеттеп жүріп тартыса-тартыса екі бүктеліп қалатының бар.
Кешікпей шүлдірлеп жоғалған оншақты қытайдың атар таңмен жағаласып екеуі кеп тұр.
— Бастығымыз дұғай-дұғай сәлем айтты. Сіздерді керім сағынып жүр. Жақында өзі де қара көрсетеді. Мынау — тыңайтқыштың жаңа түрі. Осыны рәсуа етпей әр күнбағыстың түбіне уыстап сепсін. Сонда тез бойжетеді деді, — деп қалтаң-құлтаң етіп құрақтай майысады. Бұлар тап бір зарығып көрген жалғыз қызын ұзата алмай отырғандай.
—  Қара құнажын күйлеп тұр. Көзі мөлиіп қалыпты, — десін артынша өрістен оралған Жаңабай інісіне.
— Апыр-ай, ангустың келгеніне екінші күн. Бұған құнажынды ашық далада көрсетеміз бе? Әлде адам көзінен тыс бітеу қораның ішінде ме?.. Мұның қайсысына зауқы соғады. Міне, мәселе қайда? Қап, кешегі сығыр қыздан сұрап қалмағанымызды қарашы, — деп Балабай біраз қиналды.
       Қой, не де болса еркек кіндік қой, әз шаруасын өзі ыңғайлар, дескен ағайынды екеуі бір ангусты мойнындағы темір жіппен жетектеп сыртқа алып шықты. Алдына зар күйіне кеп ойнақшыған қара құнажынды жеткізді. Ангус маңғаз қалпы құнажынның құйрықтұсына тұмсық апарды. Ықылассыздау иіс алған. Тұрып-тұрып есіне әлдене түсіп кеткендей мекіреніп ұмтылсын. Азынап аяқ көтерсін. Әп дегенде қара құнажын ангустың бауырына жұтылып жоғалған. Мейір қанар емес қас-қағымда құнажын жерге омақаса құласын. Мертігіп жығылсын.
       Балабай ангустың темір жібін ұстап алдыңғы жақта «Әйт, жануарым!» деп жайбарақат өзінше тарихи оқиғаның куәсіне айналған. Құнажын омақаса құлаған кезде екпінін тоқтата алмаған ангус таптап кетуге шақ қалды. Бар даусымен бақырып қашты.
     Қамауда тұрған қасқа бұқа қораны жарып шығыпты. Әукесі желкілдеп жерде жатқан қара құнажынға тікелей тартты. Келе берген сәтте... Шегініп-шегініп барып кері алға жүгірген-ангус топал басымен қасқа бұқаны нақ бүйірден солқ еткізіп бір қойып еді... Жазған құл төртаяғы тең көтеріліп әуелеп-әуелеп барып сонадай жерге бұрқ етсін. Қайтып тұрар хал таппады. Қатып-семген қара шалдың құлақты жарған ащы айқайы да қора жақтан қатарласа шықты.
—  Арыз жазам, арыз!
Қолында жүзі жылт-жылт еткен пышағы бар емпеңдеп жүгіреді.
—   Пішіп тастаймын, пішіп! Иттің малы!
Анадай жерде, енді бұларға не істесем екен дегендей, ойланып тұрған ангусқа төтелей салды. Мына көріністен қаралай шошынған Жаңабай мен Балабай қуалап жүріп әкелерін мұхит асып келген асыл тектіге жеткізбей ұстады. Алысып-жұлысып, қолын қайырып жүріп жүзі жылт-жылт еткен пышағын тартып алысты. Артынша жерге жығып салып тырп еткізбей басып отырысты. Бұл кезде ангус топал басымен дүңкілдетіп қасқа бұқаны қалаған жерінен ұрғылап жатқан...
Азуын Ай сәулесіне егеген айдаһар жүз оратылып, мың бұратылып киікті қылқындырып жатты.
Алқынып алға ұмтылған ақ бауыр қара бүркіт алапат арынмен жерге бір шүйліккенінде семсерінде семіз бұлан кете барды.

* * *
      Ангустың бауырында азынап ажал жүрді. Он бес сиыр мертігіп өлді. Соңғы кезде Балабайдың зәрезап болғаны сондай, көзі мөлиген құнажын көрсе бітті, бажылдап қыр асырып қуалайды. Сол мойны жерге жетпей кеткір асыл тектіге шауып бере-бере іргедегі шөп те сиреді. Келеді деген Майкл күйеу қайын-жұртына асығар емес.
     Бармақтай-бармақтай қара шемішке қатар түзген соң маза қашты. Торғай деген жұт шықты. Топ-тобымен ұшып келеді де түк қалдырмай шұқып, тонап кетеді. Атсаң титтей ұрыға оқ тимейді. Көз алдыңда пыр етіп ауаға сіңіп жоғалады.
Күндіз-түні даңғырлата-даңғырлата тоқпақпен ұра берген соң шелек пен легеннің түбі түгелдей тесілді.
Қараңғылық етегін жайып, көз байлана бақша басынан болдырып қайтқан Алманың алдынан абысыны Мәрзия бәйіт айтып жылап шыққан.
—   Қай бетімді шымшиын, ойбай! Атам иттің... Джонның тамағын түк қалдырмай жеп қойыпты.

* * *
Онда да күн шаттанып дөңгеленген. Дөңгеленбей кетсін...
Аш тұрған он ангус түнімен босанып кетіп, әбден бабына келген күнбағыстың басын теріп жеп қойыпты.
Сол түні өлімші болып жатқан қасқа бұқа әл жинап, аман қалған сексен бес құнажынды өз иелігіне алыпты.
Қатып-семген Аңшыбай да таңмен таласып ұшты-күйлі жоғалыпты, деседі. Тек құлақты жарған ащы айқайы ғана иен даладан естіліп қалады.
—     Арыз жазам, арыз!