Аяжанмен ұрсысып табыстым. Жас дейтін жас емес, жиырманың жуан ортасындағы қыз екі бұқаның соңынан салпақтап ереді де жүреді. Қолында көк шыбық. Маңдайы жалпиған, басы шабадандай төртбұрышты қара қасқа бұқа былшық көзімен сүзіле қарап, стадионның сыртындағы көк шөпті жұлып жеп, қасынан біреу өте қалса сілекейін шұбыртып сәл кідіріп, қайтадан көк шөпке құныға бас қояды. Мүйізі тұқып, маңдайы қасқа екі бұқаның екеуі де тарттырылмаған, кей-кейде қызыл істігі біздей үшкірленіп, тәнінен қиғаштай шығып, көзге алабөтен көрініп қалады.

    Стадионның айналасы қаз-қатар тізілген қара ағаштар. Осында оқитын оқушылар еккен. Мынау – қазақ-түрік лицейі. Стадион солардікі. Аяқ доп ойнаған балалардың қимылы ширақ. Ойындары ойландырады. Қазақ пен түрік командасы жарыста. Түрік жағы – кіл түрікше, қазақ жағы орысша айқайласып, қызу сайысқа түскен. Есеп әзірге 0:0. Кім жеңер екен?
      Мен болсам, қолына көк шыбық ұстаған талдырмаш қазақ қызымен тілдесіп тұрмын.
–     Неге бұқаңды ағашқа жаясың? Неге жасыл жапырақты жегізесің? Осы талды еккен мына балалар. Ертең сенің балаң да саясына жатады...
–      Менде бала жоқ. Болмайды да.
–      Құдайдан үмітің бар қыз шығарсың. Болады десең, болады. Олай асылық сөйлеме.
      Қыз көк шыбығын майыстыра көтеріп, бұғағы салбыраған қара бұқаның біреуін жамбастан салып жіберді. Ол мәнзүр қылған жоқ. Сосын қара ағаштың қара жаңбырдан кейін бүршік жарып қылтиып келе жатқан жапырағын арандай ашқан аузымен сыпырып бір-ақ асаған қара бұқаның қасқа маңдайынан шып еткізіп салып жібергенде ол көзін сүзе қарап, басын кері бұрды.
–       Қошқар баққан Байеке ақынды естіп едік. Бұқа баққан қандай қызсың өзің?! Неге үйде ұстамайсыңдар?!.
–     Үйде ұстаймыз. Жемнен бас алмайды. Қожайын кешке бір ауық көк шөпке жай, тілі сергіп, сілекейі шұбырсын деп жібереді. Бұл – қожайынның бұйрығы.
–      Сонда... сен оның кімісің?
–      Бұқа бағушысымын, – деп қыз аузын басып жымысқылана күлді де, маған жалт қарады. – Бұрын пәтершісі едім, қазір қатынымын.
–      Жасың?...
–      Жиырма екіде...
Көкірек шіркіннің кілт-кілт еткен болжамы алдамапты. Ауылдың қызы, оқуға не жұмыс істеуге келген. Бәрі белгілі ғой.
–       Қожайының?..
–    Қатыны өлген орыс. Баласы анау доп қуып жүр, – дей бергенде, бір-біріне шүркіт тілінде тіл қатып дабырласып жүргендер шу ете қалды. Гол! 1:0. Қазақтар жеңіп тұр. «Ура! Молодец! Снайпер! Нех... себе!» деген көкіректі кернеп шыққан қуанышты дауыс естілуде. Түрік жағы үнсіз. Бірақ, қимылдары құмбыл. Әне, кіл өз тілдерінде кіжінген алабажақ толқын алға қарай лап қойды. Олардың киім үлгісі алабажақ болғанмен, тілдері ала-құла емес. Гол! Демде есепті теңестірді. «Аллажар!», «Аллажар!»  деп құшақтасып, төс түйістіріп жатыр. Бұл жерде жеңіп тұрған аяқ күші емес, Алланы ауызға алған тілдің құдіреті секілді.
–       Қой, кетейік. Шал іздеп қалар. Шу!
     Әудем жердің көк шөбін тісімен жұлып жеп, тықырлап тастаған бұқаның біреуін көк шыбықпен жамбастан сарт еткізді. Ол әукесі салбырап қыздың алдына түсті.
–      Қожайының нешеде?
–      Алпыс екіде. Қырық жас үлкен. Әлі жігіттей...
    Қыз күлкі буып төмен қарады. Бар бәле қазақ қыздарының өздерінен. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді». Өздерінің көңілі бос, омырауы ашық. Көкіректері кең жайлау. Сосын уақыт пен қоғамды кінәлап, жаһандануды алға тартып, өмір сүрудің жаңаша әдіс-айласының алдында жүреді. Саинның бойы да көңілі бос қыздардың мекені.
–       Шу!
–       Ертең кел!..
–       Қожайын жіберсе...
Стадион шу ете қалды. Шүршітше сөйлегендер бас шайқап, бірін-бірі еркекше боқтап, жерден алып, жерге салып сыбап жүр. Қақпасында тулаған теңбіл доп қақпа сызығынан шығып, беталды дөңгелеп барады. Алабажақ жақ «Алла! Аллажар!» деп тәңірге сиынып, төс түйістіріп, алақан қысысып әлек. Олар гол салды. Олар жеңді.
–       Ертең тағы ойнаймыз, – деді қазақтар.
–     Ойнасақ ойнайық, – деді түріктер. Екі жақта қарқынды, қызу. Біздің жақтың да намысы жетерлік, бірақ кілең жасөспірім қазақ өз тілдерінде жақ ашпайды. Балалардың тілі лас. Әкені, ананы балағаттаған, көшедегі жүліктер айтатын кірлі сөздерді доп қуып жүріп шабыттана ауыздан шығарғанда қарап тұрып жағаңды ұстайсың. Түріктер жағы да балық үлестіргендей улап-шулап жүрсе де кіл өз тілі, өз сөзі.
Қазақтар гол салды.
–       Зае...  с!
–       Нех... себе!
–       Снайпер! – Ең соңғы осы сөз ғана мергендікті меңзейді.
      Түріктердің көп сөзі түркі тектестерге түсінікті. «Алла!» «Аллажар!» дейді көбіне. Мұсылман жұртына Алла ортақ.
     Мектептің бұрышынан маң-маң басқан екі бұқаның маңдайы көрінді. Аузынан сілекейі шұбап, қазал тілі салақтап, көк шөпке бас қойғанша асығып келе жатқан түрі бар. Екі бұқаны кеше жек көрсем де, артындағы Аяжанды көріп, бүгін қуанып кеттім. Көк шыбықты қолына қыса ұстаған. Бұтында әппақ шалбар. Үстінде де әппақ шолақ жең «футболка» деп атайтын жейде. Бөкселі, бәденділігі, санының мінсіз толықтығы тар шалбардан көз құртына айналғаны айтары жоқ ақиқат. Тырсиған қос анарын да тар жейде қамап ұстап тұрғандай. Жалпы, қыздың сұлулығына мін жоқ. Кірпігі ұзын, иегі сүйір, мұрын ұшы да үшкір. Табиғат берген тартымдылығы жетіп артылады. Бірақ, осындай туабітті тартымды әйел баласынан кіндік қаның тамған жерің қайда, өзіңнен қырық жас үлкен еркектің қолына қалай түстің деп сұрағым келмеді. Бұл қазір барлық қазақ қыздарына ортақ тағдыр.
–       Алла! Алла! –Түріктер қақпаға  жақындағанда Көктен көмек тіледі.
–       Гол!
–       Аллажар!
–       Аллажар!
     Түріктер гол салды. 1:1. Ойын бұрынғыдан да қыза түсті. Екі жақ та тегеурінді. Екі жақ та жеңілгісі келмейді. Қазақ-түрік лицейі болғасын мұнда екі жақтың да балалары оқиды. Тәп-тәуір сөйлейді де. Бірақ, олар көбіне қазақ сыныптарына қарайды. «Әуелі сендер сөйлеңдер, біз ешқайда қашпаймыз, біз сендердің жерлеріңде тұрып тілді үйренбей қалмаймыз» дейтін көрінеді. Біздің балалар бұл сөзге мән бермей үзіліс арасында, осындай жарыстарда өз тілін ысырып қойып, үйренген орысшасын айтады. Ал түріктер болса, тек өз тілдерінде тіл қатады. Олар мәуліт айында ауыз бекітіп, ораза ұстайды. Күнде кешке мектеп асханасындағы ауызашарда ауызын бекітпеген біздің балалар сықай толып отырады. Жәй отырмай ай бойына оларды «Закрытая рота» деп келемеждейді. Оларға «қой дер қожа» жоқ. Арада осындай шиеленіс бар. Бүгінгі жарыста да сол ыза мен өшпенділіктің салқыны байқалады. Бір-бірімен иықтасып, итерісіп, аяқтан шалулар көрініп қалады. Ең жаманы, біздің балалардың тілі ала-құла. Күш жеңбейді, тіл жеңеді ғой мұндайда.
–       Осылай бұқа бағып жүре бересің бе?
–    Бұл көріп отырғаныңыз екі-ақ бұқа. Үйде бір бұқа бар. Ол ең негізгісі, – деп жымың ете қалды. – Анау қазақтар жағында доп қуып жүрген соның баласы. Бұрынғы әйелінен. Бұрынғы әйелі қазақ болған.  «Сендердің иістеріңе үйреніп қалдым» деп, мені пәтершіліктен әйелдікке алды. Әйтеуір, тамағым тоқ, жатар орным тегін. Төрт бұқаны бағып өмір сүріп жатырмын.
–      Баласы қалай?
–    Бұрын аздап қазақша сөйлеуші еді, мына мектепке түскелі – ұмытты. Ондағыларға қазақ тілінің керегі жоқ дейді. Қазір ол тілсіз бұқа.
–       Балаң бар ма?
–       Екі рет түсіп қалды. Ана қақпас түсірмей қоя ма. Өзі де бағып отырған бұқасы секілді. Алпыстан асса да таңды таңға ұрып, тауды бұзып, тасты жарады.
     Менің алдымда жиырма екідегі құмардан қайтпаған келіншек емес, өткенін түс көргендей аңсап, тісі түсіп, тілі күрмеліп, сөйлей алмай отырған қақсал кемпір тұрғандай көрініп кетті. Әйтсе де, әжімін көлегейлеген кекседей бар мұңын әзілмен бүркемелеп тұрғаны байқалады. Анаң кім, әкең кім, туған жерің қайда тағы сұрамадым.
      Аяжан шынында сұлу екен. Бөкселі болғанымен, белі қылдырықтай жіңішке. Анау алпыстағы найсап осының бәрін көріп, біліп, кісен сап отыр-ау. «Қазақтың иісіне үйреніп қалдым» депті. Қазаққа кетәрі болған ешкімді көрмедім. Қазақ қайда жүрсе де таза қан, кең пейілімен өзіне тартып тұрады. Ал, мына қыз ақылсыз емес. Бір күні бәрін тастап қашып кетер.
Екі жақ бірін-бірі ала алмады. Есеп 1:1.
–       Он бір метрден  бес  доп ұрамыз, – деді түрік жағы.
–       Ұрсақ ұрамыз, – деді қазақ жағы.
     Түріктер төрт доп, қазақтар үш доп кіргізді. 4:3. Тағы да есеп тең болар ма еді, төртінші допты «мен ұрамын, жоқ, мен ұрамын» деп екі бала мәмілеге келе алмай таласып, бір-біріне қол жұмсап, мұрын бұзып төбелесіп, ақырында екеуіне де бұйырмай, капитанның өзі теуіп, бар мүмкіндіктен айырылды. Кіргізе алмады. Түріктер «Аллажарлап» төс түйістірді. Қазақтар былапыт сөзбен боқтасып, үйлеріне қайтты. Әлгі он бір метрлік допқа таласқан екі бала жолай тағы да төбелеспей қоймады. Соңы өмірлік өшпенділікке ұласпаса неғылсын. Осылар қаршадай басымен ұят-аятты жинап қойған осыншама арсыздықты қайдан үйренді екен?
     – Қой, мен қайтайын. Біреумен көп сөйлесіп қойдың деп бұқам өзіме көз алартып жүрер. Ондай жағдай болған. Жем беріп жүріп қожайынмен шүйіркелесіп қалып едім, мүйізін ала ұмтылды. Қораның сыртына қашып шығып үлгердім.
Ай қақ төбеге қонақтапты. Жаңбырлы көктемнің жылуы да кеш келді. Аяжан екі бұқаны алдына салды. Ертең келесің бе деп айта алмадым. Мынау қара жердің тақырланып қалған көк шөбі бұқаның аузында кетіп, асқазанында бөгіп жатыр. Онан шыққан қоқыр-соқырды жинайтын да осы қыз.
     –  Доңызханаға ет керек дейді. Тезірек өткізсе екен, – деді бұрылып бір қарап.
Қос бұқаның алдына түссе мүйізін ала жүгірер, көк шыбығын шошаңдатып артында жүре берсін. Ақ шалбар, ақ жейделі, көк шыбығын анда-санда шошаң-шошаң еткізген қыз маң-маң басқан тілі жоқ, тылсымы күшті жануардың артында көзден алыстап барады. Жылап бара жатқан секілді. Мен оны сілекейі шұбырған жануардан, үйінде кездігін саптап күтіп отырған қожайыннан қызғанатын секілдімін. Қызғанғаннан не пайда. Ән салғым келеді.
                Қарындастан айырылған жаман екен,
                Екі көзге мөлдіреп жас келеді...
 
        Соңына «А-у-у!» деген күңіреністі қостым. Қазақ өкінішін әнмен жеткізіп, қолын мезгілінен кеш сермеген ғой. Анау алыстап бара жатқан қыз бен Мен солардың нақ өзіміз.
      Стадион бос. Абыр-сабыр, у-шу жоқ. Жеңіліп қалған біздің балалардың ұнжұрғасы түсіп, жеңіске жеткен түріктер сабақта майысып отырған болар. Осы жер – осы стадионда өзіміздің балалардың бір жеңісін жанымды алға сап отырып көруді армандаймын.
       Мектеп бұрышынан екі бұқаның дөңкиген басы мен тұқыл мүйізі емес, Аяжан шыға келді. Жүрісі шалт. Кешегі киім үлгісі. Бәрі де тал бойына жарасып тұр. Жақындағанда көзіме анық көрінді – бет-аузы көкала қойдай көкпеңбек. Көзінің астында бармақтай жара.
     Әлгі доп қуған жүгермек «Сақалды қазақпен екі күн сөйлесті» деп, айтып қойыпты. Көресіні Адам-бұқадан көрдім. – Жымиған болды. Сұлу жымиыстың астында мұң жатыр. Күлкі-арсыз мұңды бүркей алмайды. Мұңды мұң ғана жабады.
–    Неге кетіп қалмайсың?
–    Бұқаны өткізейін деп жүрміз. Баққан ақыңды берем дейді.
–    Ақшаны мен берейін.
–    Жоқ, біреудің жылы ұясына қонғым келмейді. Қарлығаштарыңыз аз емес шығар.
Тілі мірдің оғындай. Кеше таяқ жеп, бүгін тілімен шағып тұр.
–     Осыны айту үшін келдім. Сіз күтіп қалмасын деп...
Ол бұрылып ап жөніне кетті. Жылап бара жатқан секілді . Жоқ, жылай қоятын қыз емес. Біздің қыздар жыламайды деп, Мәншүк пен Әлияны алға тартамыз. Жанпидаға бара жатқан Адам жыламайды деп кім кепілдік бере алады?
      Ол жылап барады. Көзінен жас шықпас қайсар болса да, жаны жылап барады. Анау екі бұқаның басын балтамен бір-ақ шапсам ба екен. Қасындағы екі Адам-бұқа ше? Заң да, зәкүн солардың жағында. Тезірек семіртіп, доңызханаға етке өткізіп, ақшасын Аяжанға алып беріп, қашырып жіберсем. Бірақ... Осы «бірақ» құртады ғой бәрімізді. Өз жерімде тұрып бәріне қол қысқа. Жақсылыққа келгенде қолы ұзын еркек құрып қалған қандай заман. Қолы ұзындардың бәрі Тәңіртаудың басында, қолы қысқалар – түрмеде. Тәңіртаудың төбесінен оқ атқандарды тауып көр. Оны мен түгілі, иісшіл ізкесерлерің де таба алмайды.
       Осы жерге күнде келемін. Аяжан әйтеуір бір келер деп жүрмін. Әзір жоқ. Әлде бұқаны өткізіп, ақшасын алып, қашып кетті ме екен? Қазақтың қызы қашып қайда барады. Барар жері «Шаңырақ» па?
        Ертең біздің балалар түріктермен ойнайды дейді. Жеңетін шығар. Аяжан да келіп қалар. Келмесе, қожайынның баласынан сұраймын. «Әкеңе айтып барсаң басыңды жарамын» деп қорқытамын. Қол қысқа деп жүре береміз бе?
      Екі бұқаның тісі тиген жерге тағы да таспашөптей қылтиып көк қаулап келеді. Әлі-ақ жетіліп кетеді. Енді бір ақ жауын себелеп өтсе, бұл жердің көгі тобықтан кеп толысып жатады. «Шыда. Шыдамды қазақ» деп өзімді-өзім жұбатамын. Жарыс өткен жерге қаны бар жайсаңдардың бәрі жиналады. Аяжан да келеді. Қожайынның баласынан ести сап жанұшыра жүгіреді.
        Тек қара бұқаны алдына салмай жалғыз келсе екен...