Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені?

Мен- қазақтын баласы!

 

«Тағы жұрт» деп тағы да

Танымассың, білмессің.

Өйткені мен қазақпын,

«Англичанин» емеспін.

 

Танисын ғой сен оның

Өзінен бұрын мылтығын.

Дәріптейсің қасиетін,

Адамы түгіл, итінің.

 

Мен де оны бір кезде

Етігінен танығам.

Қадай басып өкшесін

Далама кеп қаңғыған.

 

«Тағы» дейтін халқымды,

Дозақ дейтін даланы.

Кен қазам деп көр қазып,

Ақтаратын моланы.

 

Жылап жатса бір қазақ,

Күлуші еді-ау ол әлі!

Соның бәрі сұрқия

Сұм патшаның әлегі.

 

Екі аяқты аң патша

Көп батырды шеңгелін.

Сар далада сарғайдым,

Қасіретпен шөлдедім.

 

Мынау қара көзімнен

Сансыз дария жас ақты.

Өз етімді өзіме

Кесіп алып асатты.

 

Айтып, айтпай не керек,

Не көрмеді бұл қазақ!

Дүние бүгін ұялар,

Айтпа, ойбай, аузың жап.

 

Сорлы емес ем ежелден,

Қаралы едім, зарлы едім.

Ұялушы ем өзге елден,

Намысты едім, арлы едім,

 

Есе тиер, енші алар

Ел болсам деп ойлаушы ем.

Қазақпын деп айта алар

Мен болсам деп ойлауш ем.

 

Тәкаппар дүние төріне

Емін-еркін шықсам-ау.

Айтқанымды тыңдатып,

Айтқандарын ұқсам- ау

 

Деп ойлаушы ем, сол болды,

Арманыма жеттім мен.

Үдере жорттым, жол болды,

Тау төңкердім екпінмен.

 

Енді мені менсінбес

Европаның қай елі?

Қарсы келсем – құшақтар

Қаратпайтын әйелі.

 

Сорлы негр қара боп

Туғанына жазықты.

Тәкаппарсың дүние,

Көп қорладың аз ұлтты.

 

Қатарластың бірақ сен,

Аз дегенің көп екен.

Көміп кетер көпшілік,

Көп кешікпес күні ертең.

 

Бола бермес дүниеде

Күнде жанжал, күнде шу.

Жауып кетер жер бетін

Жалғыз ғана қызыл ту.

 

Сол қызыл ту астында

Күн келбетті қазақпын.

Оттар емес телмірген,

Азаматпын, азатпын.

 

Енді сірә, дүние,

Танисың ғой мені сен.

«Танысамын соғысып»

Деп ойлама тегі сен.

 

Төрт құбылаң түгел сай

Қорқытпайды соғысың.

Жетпіс қабат қорғандай,

Батысымда – орысым.

 

Шымдай болат киінген

Шұғылалы шығысым.

Тас түлектей түйілген

Қырғыз, якут туысым.

 

Қазақ  деген атымды.

Өшіре алмас ешбір жау!

Төбесінен, тиіссе,

Төңкерілер Алатау.

 

Аумағы мол алыппын,

Кең- ді менің құшағым.

Британия аралын

Қолтығына қысамын.

 

«Тағы» емеспін тағы айтам,

Адаммын –ды бұрыннан.

Адаммын деп жылағам,

Адаммын деп қырылғам.

 

Тәкаппар ұлы дүние!

Қазақ деген – мен  деймін.

Мылтығыңды ұсын ба.

Қолынды ұсын, кел деймін!