Қазақ поэзиясының өткен ғасырдағы алыптары жыл санап, ай санап азайып бара жатыр. Бірақ, олар­дың артында қалған өлмес мұра, өшпес үлгі жалға­сын тауып, жылдармен жаңарып, ғасыр ал­мас­қанда әр қырынан танылып жатыр. Бір заман­дары Мұ­қа­ғали Мақатаев: «Ей, безгелдектер, сендер емессіңдер маған бата беретін. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын: мен ХХІ ғасыр ұрпақ­тарының құрдасы­мын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтың туысымын да», десе күнделігінде, ал жыр шумақ­та­рын­да: «Мыл­қауға тіл бітіп, керең естіп, Жанар пайда болады соқыр­ларға», дейді. Осы арада ойымызға Александр Пушкиннің: «Дабысым ұлы Ресейге кетер жалпақ, Тіл біткен жүрер менің атымды атап», деген екі жол өлеңі орала береді. Мұны жыр алыптарының көрегендігі, не болмаса, өздерінің ақындық қары­мы­на сенгеннен кейін айтты десе де болатындай. Сирек таланттар табиғаттың күнә мен кінәдан таза етіп жаратқан төл перзенттері ғой. Сондықтан да олардың өмірін Алла мәңгілікке ұзартқан. Оған жоғарыда өз сөздерінен дәйек алған ұлылар мысал болса керек.

Шынында, ХХІ ғасыр Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаевтың жұлдызы мәңгі жарқырай беретінін дәлелдеді. Қыранды қыран қиядан таниды деген ғой. «Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?! Қасым солай болмаса, несі Қасым, «Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің, Әммесінен Қасымның десі басым», деп бағалаған Қасым ақын мен Мұқағали­дың рухтас болуы, ендігі жерде ұлт мақтанышына ай­налуы заңдылық деп білеміз.

Таланттың талантын танып, ол туралы тап басып айта білудің өзі ақылы асқан адамның еншісінде болуы керек. Бұған бір дәлел сол, Мұқағали ақын туралы қазақтың қазіргі айтулы қаламгері, сөз зергері Әбіш Кекілбаев: «Мұқағали қазақ поэзиясының ұзақ сағынып көрген асыл перзенттерінің бірі. Ол – шын мәніндегі ұлттық құбылыс… Ол халық болмысымен біте қайнасып кеткен ұлы тұлға. Ұлы құбылыс. Ұлы  ақын. Мұқағалиы бар халық өлмейді. Мұқаға­лиы бар әдебиет күннен-күнге жаңара, жасай береді. Тір­шіліктің тәттілігі мен ақиқаттың ащылығынан мейірі қанғанша дәм татқан қауымның өскелеңдігі мен өміршеңдігі де осында. Мұқағали халқымен бірге мәңгі өмір сүреді», дейді.

Осы сөздің айғағындай, биылғы жылдың бастауы Мұқағалидың 80 жылдығынан өріс алып, енді соның түйіні елордада қойылды.

Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы және «Руханият» айы­ның шең­берінде өткізілген Қазақстан  халқы тілдерінің ХIII республикалық фестивалін қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына ар­нал­ған «Қазақ поэзиясының мұзбалағы» атты әдеби-танымдық кешпен қорытындылады. Оған Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Үкімет өкілдері, М.Мақатаев атындағы қор мүшелері, жыр жампозының замандас достары, ақын шығармаларын зерттеп жүрген ғалымдар, өлең­деріне ән жазған сазгерлер, шығармаларын орындай­тын белгілі әртістер қатысты. Сонымен қатар, Ал­маты­дан арнайы келген жыр дүлдүлінің ұлы Жұлдыз Мақатаев, танымал ақындар Оразақын Асқар, Шөмі­ш­бай Сариев, «Мұқағали» журналының бас ре­дак­торы Батық Мәжитұлы, сазгер Бейбіт Дәлденбаев, Қазақ­станның халық әртісі Мақпал Жүнісова, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стам­ғазиев, әнші Еркін Нұржан, тағы басқалар болды.

Әдеби-танымдық кеш қазақстандықтарды біріктіретін негізгі фактор ретінде Тәуелсіздіктің басты белгісі әрі рухани байлығы болып табылатын ана тілімізді насихаттауға, оны мемлекеттік тіл ретіндегі мәрте­бесін көтеруге және тіл мәдениетін жетілдіруге ық­пал етер ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді. Сол тілдің алтын діңгегі қазақ жырының бастауында жатқаны да анық.

«Жоқ! Өлмеймін! Правом жоқ өлуге, Сөз сый­лай­тын халқым аман тұрғанда», деп, өмірден озғанына жыл толмаған Қадыр Мырза Әлі айтқандай, өлең-жырды қадірлейтін, екінші өмірі ғасыр алмасқан сайын сан қырынан танылған ақынын Аспантауға теңеп, асқақтатқан жұрты тағы да Астана төрінде жұмылып кеп ол туралы ағынан жарылып, естеліктер айтты. Кіршіксіз тамшыдай өлеңдерін төгілдіріп, сөзі­не жазылған әндерді орындады.

Кештің алғашқы сөзін Мәдениет министрі Мұх­тар Құл-Мұхаммед алып, қарғадайынан Мұқағали жырын жаттап өскенін, биыл жыл басынан бері Мұқағали жыры Қазақ елінің барлық өңірінде салтанат құрғанын, ақын сонау ғасырлардағы құдіретті алыптар поэзиясын ХХ ғасырда қайта жаңғырт­қанын, ұлылардың ізін басып, дәстүрін жалғағанын, 100 жылдық рухтың үзілмей қаз-қалпында сақ­талуына өз үлесін қосқанын айтты. Сондай-ақ Абай, Мағжан, Мұқағали үлгісін тамылжыта баяндап, қазіргі қазақ поэзиясы жайында ой өрбітті.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазу­шы Әкім Тарази өз буынының ішінде прозада Шерхан Мұртазаның, поэзияда Мұқағали Мақа­таевтың жарқырап шыққанын тілге тиек ете келіп, Камал Смайылов досына Мұқағали жырларын оқы­ғаннан кейін осы түптің түбінде ұлы ақын болады дегенін, Мұқағалидың алғаш мұражайы ашылғанда қазақ поэзиясының Хантәңірі сенсің деген пайы­мы­ның қазір шындыққа айналғанын алға тартты. Тағ­дыр Мұқағалиға бәрін өзі жиып-теріп берген. Абай ұлы Алатау болса, Мұқағали соның бір шыңы. Қазақ деген халық бар жерде ол бірге жасай береді, деді. Ізбасар інісі болған Шөмішбай Сариев, ақын туған жерді көргеннен кейін  Мұқағалидың осындай биікке көтерілмеуі мүмкін емес дей келіп, асқар таулар әлемін өз өлеңімен биіктеткен ұлы тұлғаға арнаған жыр жолдарын оқып берді.

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының әртістері ақын жырын ерекше шабытпен жатқа айтып, бірінен-бірі асып түсіп жатты. «Пай-пай, Өмір! Өтесің-ау бір күні. Тиясың-ау қуанышты, күл­кі­ні. Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай, Өмір деген – көк аспанның күркірі. Пай, пай, Өмір! Өте­сің-ау бір күні! Болмағандай, жүрмегендей сенде біз, Кетеміз-ау, әй, кетеміз… пендеміз. Ұрпақтарға береміз де кезекті, Біз кетеміз. Кету үшін келгенбіз. Мына күн де, мына аспан да, дала анау! Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау», деп ақын дауысы сахна төрінен естілді. Оны өнер жұлдыздары жалғастырып алып кетті. «Қан­дай рахат! Жүрейік, достар, күнде өстіп. Ренжу деген, Ренжу деген – білместік. Бауырларым-ау! Бәріміз қиын күн кештік, Арамызға біздің қай жақтан келді күндестік?!» деген жыр жолдары оның үнімен үндес шығып өмір сабақтастығын анық сездірді. «Қарасаңдаршы, қанша­ма достан айырылдық… Біріміз нағыз, Біріміз жалған қайғырдық… Таза­лайық­шы ынтымақ деген айдынды, Қалыпқа түспей тұрғанымызда маймылдық», деген тұсқа келгенде жиылған жұрт ойланып қалды.

«Тіл өнерін, сиқырлы сөз өнерін, Оңбайсың сөз өнерін тежегенің! Тілден алмас жоғалса, сөзден қанжар, Бұл тірліктен бір күнде безер едім», деп ақын жыры асқақтап барып, «Дариға жүрекке» ұласқанда оның рухы тіпті шарықтап кетті. Әсіресе, ақын образын сомдаған Ж.Төлепбаевтың үнінен, кескін келбетінен Мұқағалидың бітімін көргендей боласың.

Ақын жыры әнмен ұштасты. Рамазан Стамғазиев Тұрсынжан Шапайдың «Аққулар қош болыңдар» әнін әуелетіп, «Қайран Қара сазым-ай» әнімен ұштас­ты­рып алып кетті. Серік Аяғанақын сөзіне жазылған «Ақ­марал» әнін шырқаса, белгілі әнші Еркін Нұр­жан­ның орындауындағы «Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін» атты әнді жұртшылық жылы қабылдады. Серік Көшкінбаевтың «Бесік жыры» да әсерлі естілді.

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова «Фа­риза, Фаризажан», «Шеше, сен бақыттысың», «Жа­пырақ жүрек, жас қайың» әндерін орындап, жұрт­ты бір серпілтіп тастады. Үш әнде де ана айбыны, ақылы, парасаты қозғалған.

Бір замандары Қасым Аманжолов: «Тәкәппарсың, дүние, Көп қорладың аз ұлтты» депті. Сол аз ұлттың бү­гін бағы жанды, Тәуелсіз ел болды. «Ескерткіш ор­нат­тым мен қолдан келмес» (А.Пушкин) деп  ел үшін ерен еңбек еткен алты Алаштың арысына айнал­ған­дарды та­нып, біліп, абыройын асырып, мәрте­бе­сін көте­ріп жа­тыр­­мыз. Соның бір айғағы, Мұқағали Мақа­таевтың 80 жылдық мерейтойы дер едік. Туған күні алғашқылардың қатарында елорда­дағы Назарбаев Университетінде атап өтілсе, енді міне, Президенттік мә­де­ниет орталығында Хантәңірден қанат­танып ұшып, бү­кіл халқының мақ­танышына айнал­ған  Мұ­қа­ғали тойы Астанада қоры­тын­дыланды. Халқына жол­даған хатында ол: «Туған хал­қым, қатемді кешір ме­нің. Сенің арқаң – сескенбей, есіргенім. Егерде жырың болмай, ұрың болсам, Ала­қан­ға саласың несін мені. Жоқ! Менің жүрек емес төсім­дегі, Ол бір от сенің ұлы көшіңдегі.  Өзіңнің жандыр­ғаның, өшір­генің, Әзірге тастаған жоқ есім мені, Уа, жұртым! Кешір мені! Кешір мені… Бәрін де бір өзіңе АМАНАТТАП, Кеудемде тыныш ұйықтап жатсын жаным», депті. Жұрты оның осылайша айтқан амана­тын адал орында­ды. Бұл дәстүр алда жалғасын таба бермек.

Сүлеймен МӘМЕТ.

Астана.

"Егемен Қазақстан"