Шертілмеген бір күйдің нотасында,

Сағыныш бар, сезінсең от расында.

Төбесіне өрмелеп бара жатқан,

Біздің ауыл «Маяның» жотасында.

 

Кіре берсең толқын көш жылқылары,

Дегбіріңді әкетер жұлқып әрі.

Топырақта туғанбыз тұлпар көрсек,

Қыттықтайды жаныңды жын құмары.

 

Ауыл деген Абыз жыр ескеріп кел,

Осындағой сан түрлі естеліктер.

Сайынынан сағыныш ескен кезде,

Мықты болсаң көз жасқа дес беріп көр.

 

Дала жүрек, беу –айдай, дала көңіл,

Қарағым деп қиылып қарады өңір.

Қолым созып жете алмай қиналамын,

Қайда мені әкетіп барады өмір.

 

Топырақтың түйіршік құнын үндеп,

Жусан аңқып желпиді тұлымым кеп.

Ауыл жақта ақ жауын жылап жатыр,

Тасқа айналып барады құлыным деп.