Қазақ азаттық қозғалысының ең салмақты және күрделі кезеңі өткен ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келді. Бұл - қазақтың тарихи зердесіндегі «Алаш» атауын иеленіп, отарлық езгіге түскен халықтың бостандығы мен ұлттық рухын қалпына келтіруге тырысқан зиялылардың саяси-қоғамдық іс-әрекеттері болатын.

     Әділ төреші – уақыт өткен сайын Алаш қайраткерлері ұлт тарихында ұлтжандылықтың ерен үлгісіне айналғанын сезіне түсеміз. Бүгінгі 90-жылдық айтулы мерзім тұсында қозғалыс тарихын жадымызда тағы бір жаңғыртуды қасиетті парызымыз санадық.

     Қазақ халқын толықтай отарына айналған Ресей үшін де ХХ ғасыр бетбұрысты, күрделі оқиғалар мен елеулі өзгерістердің орын алуымен сипатталады. Соның ішінде назар аударарлығы қоғамда буржуазиялық- демократиялық даму жолына көшіруге бағытталған өзгерістер болатын. Осы орайда Мемлекеттік Думаның шақырылуы сол дәуірдегі ірі саяси әлеуметтік оқиғаға айналған еді. Осынау жоғары заң шығаратын органның 12 жыл (1906-1917 жж.) арасындағы қызметі Ресей тарихында, оның құрамына енген халықтардың өмірінде айтарлықтай із қалдырған демократиялық идеалдың зор көрінісіне айналды. Мемлекеттік Дума ғасырдың бас кезінде Ресейде құрылған партия фракцияларының және аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалысы өкілдерінің бас қосқан, Ресей империясындағы маңызы зор мәселелерді талқылайтын бірден-бір өкілетті форум болатын.