Сәбит Мұқанов (1900—1973). 22 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, қазіргі Сәбит Мұқанов атындағы кеңшарда дүниеге келген. Ата-анасынан жастай жетім қалып, жалшылықта болады. Ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап алып, мақамдап айтып үйренеді. 14–15 жасынан өлең-жырды өзі ауызша қиыстырып та, жазып та шығара бастайды. 
     1918–1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында оқиды. Бітіргеннен кейін, біраз уақыт мұғалім болады. 
     1919–1922 жылдары әр түрлі қызметтер атқарады. 1926 жылы Орынбордағы рабфакты бітіреді. 
     1926–1928 жылдары баспасөз орындарында қызмет атқарады: «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім бастығы, Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы болады. 
     1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқиды. 
     1935 жылы Мәскеудегі қызыл профессура институтының әдебиет бөлімін бітіреді. 1935 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, 1936–1937 және 1943–1951 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1937–1941 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында профессор.
     Алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері 1922 жылдан жариялана бастады. 
     1926–1927 жылдары үш жинағы шықты: «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы», «Октябрь өткелдері» поэмалары, «Ақбөпенің сыры» повесі, 1928 жылы «Сұлушаш» дастаны жарық көрді. 
     1931 жылы жарияланған «Адасқандар» романы қайта өңделіп, 1959 жылы «Мөлдір махаббат» деген атпен қайта басылып шықты.
     30-жылдарда «Жұмбақ жалау» романын (2-басылымында және орыс тілінде «Ботакөз») жазды. Роман сол кездегі КСРО халықтарының көптеген тілдеріне және бірқатар шетел тілдеріне аударылып басылды. Романға негізделіп пьеса жасалып, Қазақстан театрларының сахнасына шықты, кинофильм түсірілді. «Өмір мектебі» трилогиясы – шығармашылығының сүбелі туындысы. Ұзақ жылдар бойы қазақтың ХІХ ғасырдағы ойшыл-демократы, ағартушы ғалымы Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын терең зерттеу нәтижесінде «Шоқан Уәлиханов» пьесасы, «Жарқын жұлдыздар» атты зерттеу еңбегі туды. Шоқан өміріне негіздеп «Аққан жұлдыз» романын жазып, екі кітабын шығарды. Жазушының жоспарынша 4 том болуға тиіс бұл роман аяқталмай қалды.
      200-ден астам әдеби-сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін, батырлық және ғашықтық жырларын, айтыстарын зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды, қазақтың XVІІІ–XІX және ХХ ғасырлардағы әдебиет тарихы мен ағартушы-демократтар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды. 1974 жылы «Халық мұрасы» (Тарихи және этнографиялық шолу) атты кітабы жарық көрді.
     Қазақ КСР Халық жазушысы. 1956–1966 жж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды. Әлденеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды. 
     Абай атындағы республикалық Мемлекеттік сыйлықтың және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 2000 жылы туғанына 100 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО дәрежесінде тойланды.
     Шығармалары: Шығ. толық жин. 1–2-т., А., 1936; Таңд. шығ., 1–6-т., А., 1955–1958; Таңд. шығ. жин. (16 томдық). 1–16-т., А., «Жазушы», 1972–1980; Ботагөз. М., 1989; Қазақ қауымы. А., 1995; Жарық жұлдыз (Абай шығармалары туралы). А., «Санат», 1995; Адасқандар. Роман. «Елорда», 1999; Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер. 2-басылуы. А., «Арыс», 2002; Көп томдық шығармалар жинағы: І-том. Өмір мектебі. Роман. Бірінші кітап. А., «Жазушы», 2002; ІІ-том. Өмір мектебі. Екінші кітап. А., «Жазушы», 2003; ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. А., «Атамұра», 2008.