Мұстай Кәрім, Мұстафа Сафич Карими (20.10.1919, Башқортостан Республикасы Чемин ауданы Кляшево селосы) – башқұрт ақыны, Социолистік Еңбек Ері (1979). Алғашқы шығармалары 1935 жылдан жариялана бастады. Тұңғыш жинағы “Отряд қозғалды” деп аталса (1938), 1941 жылы “Жазғы дауыстар” атты екінші жинағы жарық көрді. Соғыс жылдарында жауынгерлер өмірінен “Желтоқсан жыры”, “Өлмесбай” атты поэмалар жазды. Ол соғыстан кейін “Біздің үйдің қуанышы” повесін (1952), “Көктем дауысы” (1954), “Өзендер сөйлейді” (1964), “Алыста қалған жағалар” (1966), “Жылдар ізімен” (1971) жинақтарын жариялады. МҰСТАЙ Кәрімның “Той жалғасуда” (1947), “Жалғыз қайың” (1950), “Қыз ұрлау” (1959), “Жырланбаған жыр” (1961), “Ай тұтылған түн” (1964) атты пьесалары бар. Оның “Үш таған” (1965), “Талтүс” (1972) атты кітаптары қазақ тіліне аударылған. МҰСТАЙ Кәрім Ресейдің К.С. Станиславский атындағы Мемлекеттік сыйлығының (1967), Башқортостан Мемлекеттік сыйлығының (1967), КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1972) лауреаты.